Ішкі әскерлердің Батыс құрамасы өз міндетін абыроймен орындап келеді - Қ.Ақтанов

ОРАЛ. 10 қаңтар. ҚазАқпарат - 10 қаңтар - Қазақстан ішкі әскерлерінің құрылған күні. Осыдан жиырма бір жыл бұрын Елбасы Жарлығымен ҚР ІІМ ішкі әскерлері құрылған болатын.

Ішкі әскерлердің Батыс құрамасы өз міндетін абыроймен орындап келеді - Қ.Ақтанов

Бұл туралы Батыс құраманың командирі, полковник Қайрат Ақтанов мәлім етті.

Оның айтуынша, еліміз егемендік алып, ішкі әскерлер құрылғаннан бері өз қызметінде үздік шыққаны, ерлік көрсеткені үшін 120-дан астам әскери қызметкер жауынгерлік және мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Батыс құраманың жеке құрамы да өз қызметтік-жауынгерлік міндетін жауапкершілікпен орындауда. Қазіргі таңда Орал қаласында штабы орналасқан Батыс құраманың құрамына Орал, Ақтөбе, Ақтау және Атырау қалаларында орналасқан әскери бөлімдер кіреді. Жыл сайын жауынгерлер «Құқық тәртібі», «Бекіре», «Мигрант», «Қару» сынды жедел алдын алу шараларына қатысады, сондай-ақ 5517, 6656 және 3502-әскери бөлімдер бөлімшелері бірлескен ресейлік-қазақстандық, республикалық жаттығуларда шыңдалуда.

Өткен жылы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 935 жауынгерлік міндет орындалды. Жауынгерлердің қатысуымен 518 қылмыс ашылып, түрлі әкімшілік құқықбұзушылыққа барғаны үшін 17041 адам ұсталды. 5 атыс, 175 суық қару, 13 кг 700 грамм есірткі тәркіленді. Түзету мекемелеріндегі қарауылдардың батыл қимылы нәтижесінде күзетілетін нысанға тыйым салынған 427 заттың лақтырылуына жол берілген жоқ, 1049 литр спирттік ішімдік, 808 грамм есірткі, 303 ұялы телефон алынды.

2012 жылдың қорытындысы бойынша Батыс құрама бойынша 6655-әскери бөлімі (полк командирі, подполковник Е.Чокушев) жеңімпаз атанса, 5517-әскери бөлім (командирі, майор М.Құрмантаев) - екінші, 6656-әскери бөлім (командирі, майор Х.Қазенов) үшінші орынды иеленді.

«Алдағы уақытта да Батыс құрама жауынгерлік дайындығын арттыра түсіп, елдің батыс аймағында өзіне жүктелген міндетті сапалы орындайтын болады», деді Қ.Ақтанов.