Ішкі істер қызметкерлерінің бәрін баспанамен қамтуға болады - министр Қасымов
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, «7-20-25» бағдарламасы іске асса, ішкі істер қызметкерлерін толығымен баспанамен қамтуға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жақында Мемлекет басшысы бес әлеуметтік бастаманы көтерді. Біз оның бәрін жан-жақты зерделеп шықтық. Кеше ғана арнайы кеңес өткіздік. Осы орайда аталған бастамаларды біздің жеке құрамымыз үшін де үлкен қолдау болатынын атап өткен жөн. Егер тұрғын үй несиелері айтылған шарттар бойынша берілсе, біздің де біраз қызметкеріміз баспаналы болатын еді. Қазіргі кезде ондай адамдардың саны 25 мыңнан асады. Олардың бәрін баспанамен қамтитын болсақ, тұрақтылық пен тәртіпті күшейте аламыз», - дейді Қ.Қасымов.
Министрдің сөзіне қарағанда, шағын несиелендіру көлемін арттырудың арқасында сотталған азаматтарды да жұмыспен көптеп қамтуға болады. «Кәсіпкерлер көбейсе, сотталған азаматтарға да жұмыс табылады. Бұдан бөлек, орталық аймақтарды газдандыру мәселесі шешілуі тиіс. Онда біздің қызметтер де газды пайдалана алады».
Айта кетейік, Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз етудің жаңа бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Осыған байланысты ҚР Ұлттық банкі жанынан 7 проценттік ипотеканы беретін жаңа компания құрылады.