Ішкі істер министрі бірінші орынбасарының жауабы Бақытжан Сағынтаевтың шамына тиді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменовтің нақты сауалға сыдыртпа жауабы Премьер-Министрдің шамына тиді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бірінші вице-министрден ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің өңірде су тасқынымен күреске техника мен құрал-жабдықтардың жетіспейтіндігіне қатысты сөзіне пікір білдіруін өтінген еді.
«Бұл мәселе бойынша демалыс күні Ұлттық ұлан ұшағымен ОҚО, Алматы, Павлодар облыстарынан қосымша жеке құрам мен техника жеткіздік», - деп жауап берді Жанат Сүлейменов.
«Дұрыс, жоқ болғаннан кейін басқа облыстардан алып отырсыз. Даниал Кенжетайұлы норма бойынша осынша болуы керек, шын мәнінде басқа цифр деп айтып отыр. Өте төмен. Министрлік тарапынан қандай іс-шаралар жасалып отыр?», - деді Премьер-Министр.
«Рұқсат болса, ол туралы менің баяндамамда жоқ» - деді ол.
Ішкі істер министрі бірінші орынбасарының бұл жауабы Бақытжан Сағынтаевтың шамына тиді.
«Баяндамаңызға жазып берген жоқ қой. Сонда сіздер қалай басқарасыздар? Баяндамаға жазып бергенді оқып бересіз, жазбаса жағдайдың не болып жатқанын білмейсіздер. Соңынан келіп осындай жағдайға душар боламыз. Техника жоқ, комбинезон жоқ, мотосорғы жоқ, қиын жағдай болса көрші облыстардан сұрап аламыз. Түсінікті», - деді Премьер-Министр.