Ішкі істер министрлігі бөлімшелері су тасқынымен күрес жұмыстарын күшейтті - В.Беккер
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің бірқатар өңірінде су тасқынымен күрес жұмыстары күшейтілді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мәлім етті.
«Ауа райы мәліметтерін ескере отырып, біз Ішкі істер министрлігінің Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы құтқарушылар топтарын жедел құтқару бөлімшелері, өрт сөндіру қызметі және апаттық құтқару жұмыстары есебінен күшейттік. Бүгінгі күні су басқан 535 үйдің 421-інен су сорылып алынды, төтенше жағдай аумағынан дер уақытында 969 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, 17 адам құтқарылды. Қазіргі уақытта 504 адам өз үйлеріне оралды, 437-сі туған-туыстарының үйлеріне, ал 28-і эвакуация бекеттеріне орналастырылды», - деді ол.
Комитет басшысының айтуынша, су тасқыны қаупі туындаған сәттен 2488 ірі қара мен ұсақ мал қауіпсіз жерге көшірілсе, бүгінгі күні олардың 1500 басы иелеріне қайта жеткізілді.
«Бүгінгі күні төтенше жағдайлар аумағында 36 мыңнан астам уақытша бөгет тұрғызылып, 145 мыңнан астам қап инертті материал төселді, 1 млн. текше метрден астам тасқын су айдалды», - деді В.Беккер.
Оның сөзіне қарағанда, су тасқынымен күрес жұмыстарына 4127 адам, 1140 техника, 259 су сорғыш құрылғы, 41 қайық жұмылдырылған.