Ішкі істер министрлігі жүргізушілерге ескерту жасады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ішкі істер министрлігі ауа райы күрт өзгерген қазіргі жағдайда жүргізушілерді абай болуға шақырды, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі ҚазАқпарат.
«Ауа райы бұзылған қазіргідей жағдайда көлік жүргізушілері барынша сақ болуы керек. Қыс басталғанда тіркелетін жол-көлік оқиғаларының басты себебі жүргізушілердің жылдамдық режимін, көлік құралдары арасындағы қашықтықты сақтамауы салдарынан болады», - деп ескертеді министрлік өкілдері.
Қыс кезінде жүргізушілер жолда барынша сақ болып, дөңгелектерін уақтылы ауыстыруы тиіс.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары бірқатар өңірлердің тұрғындарын жолға шықпауға және ауа райы мен жолдардың жай-күйі туралы хабарламаларды ескеруге кеңес береді. Мәселен, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында ауа температурасы төмендейді. Түнде бұл өңірлерде -10 градус аяз, кейбір жерде бұрқасын болады. Бірқатар өңірлерде тұман, көктайғақ болып, жел күшеюі мүмкін.
ІІМ жүргізушілерді жаяу жүргіншілерді көрген кезде ерекше сақ болуға шақырады. Жолда қиын жағдайға тап болған жол қозғалысының барлық қатысушылары тәулік бойы ішкі істер органдарының бөлімшелеріне жүгіне алады.
Биыл қараша айынан бастап елде 352 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 80 адам көз жұмған. 395 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған.