Ішкі істер органдарына құқық қорғау бағытындағы 241 қоғамдық құрылым жәрдем етеді - БҚО

Жиында қылмысқа қарсы күресу, діни сипаттағы деструктивті көріністердің алдын алу үшін үкіметтік емес ұйымдар мен ішкі істер органдарының бірлескен қызметін тиімді ұйымдастыру, көшелер мен қоғамдық орындарда құқықбұзушылықтың алдын алу жайы сөз болды.
Департаменттің әкімшілік полиция басқармасының басшысы Мүсілім Жәрдемовтің мәлім еткеніндей, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысқан азаматтар үнемі мадақталып, қолдау тауып отыр. Бүгінгі таңда ішкі істер органдарына құқық қорғау бағытында 241 қоғамдық құрылым жәрдем етеді, олардың құрамында 2204 азамат бар. Бұл азаматтардың көмегімен 71 қылмыс ашылып, 593 құқықбұзушы ұсталған. 2014 жылы сондай тұлғалардың 12-сіне алғыс жарияланып, 28-і мадақталса, 92-сі жалпы сомасы 1 млн. 786 мың теңге ақшалай сыйлықпен ынталандырылған. Жалпы, биыл мұндай ынталандыруға облыс бюджетінен 2 млн. 972 мың теңге қарастырылып отыр. Бірлесе қабылданған шаралардың нәтижесінде өңірде тіркелген ауыр қылмыс 19,7, аса ауыр қылмыс 14,9, кісі өлтіру, қарақшылық шабуыл 66,7, кісі тонау 13,6, көлікті ұрлап, айдап әкету 16,7, бұзақылық 22,4, бопсалау 26,7, пәтер ұрлығы 3,6 және мал ұрлығы 32,5 пайызға кеміген. Бұрын сотталған адамдар, кәмелетке толмағандар қолымен, көшелерде, отбасы-тұрмыстық жағдайда жасалатын қылмыстар саны да едәуір азайды. Кеңесте департамент басшысы, полиция полковнигі Махамбет Әбисатов әр полиция қызметкері, ең алдымен, халыққа қызмет етуге міндетті екенін, осы орайда олардың қызметіне қатысты сын-ескертпелер болса, тыңдап, оны шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді. Облыстық «Жайық дауысы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Хадиша Мұқанова үкіметтік емес ұйымдар мен ішкі істер органдарының қызметін жандандыру, сол арқылы тәртіп сақшыларының беделін арттыруды, мемлекеттік сатып алу жолымен оларға ұсынылатын жобаларды көбейтуді және мерзімін ұзартуды сұрады. Кеңесте сондай-ақ әкімшілік құқықбұзушылық туралы ішкі істер органдарына хабар түссе, алдымен құқықбұзушыны емес, арыз иесі ізделінетіні, сонан соң ол адамнан полиция қызметіне ешқандай талап-арызы жоқ екені туралы қолхат жазып беруі сұралатыны, адам саудасы, көпқабатты үйлердің аулаларында тұрғындардың шлагбаумды немесе үлкен тастарды қоюы салдарынан «жедел жәрдем», басқа да төтенше жағдайда көліктердің кіруіне қиындық туатыны баса айтылды. Жиынды қорытындылаған департамент басшысы келесіде мұндай кеңестің көшпелі түрін енгізуді ұсынды. Яғни бұдан былай кеңес отырысы құқықбұзушылық жиі орын алатын аудандарда өткізілмек.