Ішкі істер органдарының 30 қызметкеріне мемлекеттік наградалар тапсырылды
«Монументке гүл шоқтарын қою рәсіміне министрліктің және орталық аппарат қызметтерінің басшылары, ардагерлер, ішкі істер органдары мен ішкі әскерлер ардагерлері, шақырылған қонақтар қатысты. Гүл шоқтарын қою рәсімі аяқталғаннан кейін шараға қатысушылар қызметтік борышын өтеу кезінде қаза болған ішкі істер органдары мен ішкі әскерлер әскери қызметшілерінің рухына арнап бір минуттық үнсіздік жариялады», - делінген ақпаратта.
Ведомство ақпаратына қарағанда, Ішкі істер министрлігінің клубында салтанатты жиналыс өтіп, онда министр Қалмұхамбет Қасымов ішкі істер органдары қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, қызметтеріне табыс тіледі.
«Ішкі істер органдарының 30 қызметкеріне мемлекеттік наградалар табыс етілді. Министрдің мерекелік бұйрығымен ішкі істер органдарының бірқатар қызметкерлері «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен және «ІІО үздігі» төс белгісімен, құрмет грамоталарымен марапатталды», - деп атап өткен министрліктен.
Сонымен қатар Ішкі істер министрінің бұйрығымен қызметтік міндеттерін адал орындағаны үшін орталық аппараттың және аумақтық бөліністердің 637 қызметкері марапатқа ие болған.