Ішкі істер органдарының қазақ тілі курстарына 20 мыңнан астам қызметкер қатысады - ІІМ

Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінде өткен «Ішкі істер органдарындағы мемлекеттік тілдің жағдайы туралы» тақырыбында өткен семинар-кеңесте аталмыш ведомство басшысының орынбасары Амантай Күреңбеков осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елімізде біртұтас тіл саясаты қалыптасып, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды. Ішкі істер органдары өз кезегінде, мемлекеттік тілді дамыту мәселесін басым бағыттарының бірі деп санайды. Министрлік 2007 жылдан бастап іс-қағаздарын мемлекеттік тілге толық көшірді. Осы ретте ведомство басшылығы мемлекеттік тілде құжат айналымын қамтамасыз етуді бақылауды күшейтті. Нәтижесінде ішкі істер органдарының өзара хат алмасуында мемлекеттік тілдің деңгейі едәуір артып отыр», деп атап өтті А.Күреңбеков.
Ішкі істер министрі орынбасарының айтуынша, қызметкерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгеруіне қаржылық, техникалық және ұйымдастырушылық жағдай жасалып отыр. «Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес ішкі істер органдарының мемлекеттік тілді жетік меңгерген және оны іс-жүргізуде қолдана білетін, ұлты қазақ емес қызметкерлерін материалдық және моральдық ынталандыру жолға қойылған. Мұндай тәжірибе Алматы, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарының ішкі істер депаратаменттерінде 10 пайыз үстемақы төлеу арқылы жүзеге асырылуда», деді ол.
Сонымен қатар, семинар-кеңесте ішкі істер органдарының жыл сайын ұйымдастырылатын қазақ тілі курстары жайлы сөз болды. Оған қатысқан қызметкерлердің басым бөлігі құжаттарды мемлекеттік тілде дайындай алатындығы туралы сертификат алған. «Ең алдымен, мемлекеттік тілдегі құжаттардың сапасына, мемлекеттік тілді жетік меңгерген мамандарды дайындау мәселесіне ерекше мән беру қажет. Мемлекеттік тілді аударма тіл ретінде пайдалану тәжірибесін ығыстырып, құжаттың о бастан сауатты, қазақ тілінде жүргізілуін қамтамасыз етуіміз тиіспіз», деп атап өтті А.Күреңбеков.