Ішкі істер органының 244 қызметкері жемқорлық фактісімен ұсталды
Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында баяндама жасаған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов осылай мәлім етті.
«Ішкі істер органдарындағы негізгі қызметтің кәсіби ядросы ішінара өзгеріске ұшырады. Криминалды полиция, тергеу және учаскелік полиция арасындағы қызметкерлердің 60 пайыздан астамында 5 жылдан астам еңбек өтілі бар. Әрине, біз бір ғана кәсібиліктің жеткілісіз екенін түсінеміз. Ең бастысы, полиция қатарында адал, шыншыл азаматтардың болғаны керек. Біз осы төңіректегі проблемамен күресіп, өз қатарымызды жемқорлардан тазартудамыз», - деді ведомство басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, тек биылдың өзінде 542 қызметкер жағымсыз сипаттарға орай жұмыстан босаған. «Қызметкерлермен 244 сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалғаны анықталды. Оның ішінде 86 факті пара алуға байланысты орын алып, 29-ы сотты болды. Қоғам тарапынан полицияның қатаң сыналуын әділ сын деп санаймыз. Әр сыннан тиісті қорытынды шығаруға ұмтыламыз», - деді Қ. Қасымов.