Ішкі істер вице-министрі азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Х Азаматтық форум қарсаңында Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев Zoom платформасында азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті. Кездесуде ол үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне ІІМ жүйесінде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістер туралы айтып берді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы, полиция жұмысының сервистік моделі, халықпен «кері байланыс», сонымен бірге үкіметтік емес ұйымдармен және волонтерлермен өзара байланыстардың іске асырылу барысы туралы баяндады», - деді ол ҚР ІІМ баспасөз алаңында өткен брифинг барысында.
Шұғыла Тұрлыбектің сөзіне қарағанда, министрдің орынбасары «Жұртқа жақын полиция» қағидатын және оның қажет болған жерлерде тұрақты қатысуын қамтамасыз етудің, модульдік бекеттер мен учаскелік пункттер желісін дамытудың маңыздылығын атап өтті. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласына цифрлық шешімдерді енгізу, бейнебақылау желісін кеңейту, халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету рәсімін оңтайландыру мәселелеріне де кеңінен тоқталды.
«Ол өз баяндамасында қылмыстық-атқару жүйесін жаңғыртуға және оны халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге, сотталғандарды ұстаудың құқықтық жағдайы мен тұрмыстарын жақсартуға, олардың құқықтарын сақтауға, сондай-ақ үкіметтік емес және құқық қорғау ұйымдарымен өзара бірлескен жұмыстарына ерекше назар аударды. Жиын барысында азаматтық қоғамның құқық қорғау қызметіне қатысуы қазіргі заманғы құқықтық мемлекетті дамытудың шарты мен талабы болып табылатыны атап өтілді. Мұрат Баймұқашев үкіметтік емес ұйымдармен бүгінгі күні маңызды және өзекті жұмыс бағыттары бойынша проблемалық мәселелерді талқылады. Оның ішінде дағдарыс орталықтары мен баспаналар желісін кеңейту, шағын қалалар мен ауылдарда зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету үшін үкіметтік емес ұйымдармен өзара байланыс жасау, есірткіге қарсы саладағы профилактикалық жұмыс және медицина қауымдастықтарының назарын осы мәселеге аудару, сондай-ақ жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына денсаулық үшін вейпинг тәуекелдеріне қатысты консультация беру жайлы мәселелер кеңірек сөз болды», - деді ІІМ өкілі.
Мұрат Баймұқашев Ішкі істер министрлігі 270-тен астам үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық орнатқанын атап өткен. Оның ішінде құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, із-түзсіз жоғалған азаматтарды іздестіру; тұрмыстық зорлық-зомбылық, адам саудасы құрбандарына, есірткіге тәуелді адамдарға, қолайсыз отбасыларға, «қиын» жасөспірімдерге көмек көрсету; сотталған адамдарды әлеуметке қосу, сондай-ақ басқа да бірқатар маңызды бағыттар бойынша көптеген жұмыс атқарылған.