Ішкі көші-қон: Уақытша тіркелгендер саны 75 мыңнан 1 миллионға жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда заңнамалық өзгерістерден кейін уақытша тіркеуге тұрғандардың саны 14 есеге өсті. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2017 жылғы қаңтарда күшіне енген заңнамалық өзгертулер ішкі көші-қонды бақылауды күшейтуге жол ашты. Бұл тіркеу есебін ретке келтіру арқылы жүзеге асуда. Азаматтар өздерінің тұратын жеріне 10 күннің ішінде тіркелуі керек. Тұрақты және уақытша тіркеуден де бас тартқан адамдарға қатысты санкциялар күшейтілді. Бұрын айыппұл санкциясы үш ай тіркеуге тұрмағаны үшін салынатын, ал қазір бір айға дейін қысқартылды», - деді министр.
Осы орайда ол уақытша тұратын жерге тіркелу мәселесі реттелгенін еске салып өтті.
«Осы заңнамаға сәйкес, тұрғын үй иелеріне де жауаптылық жүктелген. Өз үйлерінде тұрып жатқан азаматтарды тіркемегені үшін оларға айыппұл салынады. Бұл саланы ретке келтіру барысында бір жағымсыз мәселені байқадық. Себебі тұрғындардың көбі уақытша тіркеуді айтпағанда, тұрақты тұратын жері бойынша да тіркелмегені анықталды. Мысалы, 2016 жылы тұрақты мекенжай бойынша 1 млн 300 мың адам тіркелген болса, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 2 миллионға жетті. Уақытша тіркеуге тұрғандардың саны 14 есеге өсті. Осылайша, 75 мыңнан 1 миллион адамға жетті. Нәтижесінде, халықтың орналасуы тұрғысында шынайы жағдай анықталды, бұл қала мен ауданның дамуы үшін өте маңызды», - деді Қалмұханбет Қасымов.
Сонымен қатар, министр заңсыз миграцияға қарсы күрес Астана, Алматы және басқа да үлкен қалаларда бір маңызды мәселені шешуге жол ашқанын қадап айтты.
«Бұл бір пәтерге көптеген адамды тіркеу мәселесі. Біз жыл сайын бір үйге кемінде ондаған мигранттың жалған тіркелуін анықтап, шара қабылдаймыз. Заңнаманың күшеюі соңғы уақытта мұндай фактілерді азайтуға көмектесті. Сондай-ақ, тіркеу тәртібін жеңілдеттік», - деді ведомство басшысы.