Ішкі нарықтағы картоп пен пияз қоры жеткілікті – ҚР АШМ
«Бүгінде ішкі нарықтағы картоп пен пияз қоры жеткілікті. Мәселе жоқ. Елімізде ай сайынғы қажеттілік 25 мың тонна болса, 20 тамыздағы жағдай бойынша пияз қоры 33 мың тоннаны құрайды. Сондай-ақ, қазір елімізде пияз жинау маусымы басталды. Биыл 1 млн тоннадан астам өнім алынады деп жоспарлануда. Бұл ішкі сұранысты келесі маусымға дейін толықтай қамти алады», - делінген аталған ведомствоның ҚазАқпарат жолдаған сауалға берілген жауапта.
Министрлік ұсынған мәліметке сәйкес қазір пияз құны Жамбыл облысында 60-80 теңге, ал Түркістан облысында 55-60 теңгеге дейін төмендеді.
«Картопқа келсек. Ішкі нарықтың айлық қажеттілігі 152,6 мың тонна көлемінде болса, биыл 20 тамыздағы жағдай бойынша елімізде 155,2 мың тонна картоп қоры бар. Болжам бойынша осы жылы шамамен 4 млн тонна картоп жиналмақ. Оның ішінде 2 млн тонна картоп тек ұйымдастырылған шаруашылықтарға тиесілі. Аталған көлем ішкі нарық қажеттілігін толық қамти алады», - дейді ведомстводан.
Бұған дейін хабарлағанымыздай аталған ведомство күзге қарай елімізге қант жеткізу жағдайы тұрақталып, бағаның арзандайтындығын болжап отыр.
Сондай-ақ, министрліктен әкімдіктермен қант қызылшасын өсіру көлемін ұлғайту бойынша жұмыс жүріп жатқандығы айтылды.
Одан бөлек, ҚР АШМ қазақстандықтар тұтынатын азық-түліктің 80 пайызы — отандық өнім екендігін хабарлады.