Ішкі туризм: Жамбыл облысында қайда баруға болады

None
Фото: Галина Скрипник
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының туристік әлеуеті туралы айтқанда оның бай тарихи-мәдени мұрасын, әдемі табиғи ландшафтын, алуан түрлі флора мен фауна үйлесімін айрықша атап өтуге болады. Жазғы демалыс қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі Жамбыл облысының туристерге не ұсынатынын сараптап көрді.

Әулиета жерінде ЮНЕСКО тізіміне енген мыңдаған тарихи және мәдени ескерткіштер, қызықты сәулет объектілері жетерлік. Әсіресе бұл өңірдің тарихи-мәдени туризм, археологиялық, этникалық, ат спорты, экологиялық, медициналық-сауықтыру және агротуризмде әлеуеті мол. Мұнда экстремалды джип-тур, аң аулау, балық аулау да дамып келеді. Қаратау жотасы, Қырғыз және Талас Алатауының шатқалдарында нұсқаушылармен бірге парапланда ұшу мүмкіндігі бар.

Сонымен бірге, Жамбыл өңірінде құмды бархан мен ыстық даладан көк майса шалғын мен мөлдір бұлақтарға дейін, Тянь-Шань сілемдеріндегі мәңгі қарға дейін түрлі табиғи аймақтарды көруге болады.

Бұл ежелгі ескерткіштері көп және туризмнің алуан түрін дамытуда әлеуеті жоғары Қазақстанның ең қызықты және тартымды өңірлерінің бірі. Жамбыл облысында 180 қонақ үй, 434 тамақтану бекеті, 7 санаторий, 15 демалыс орны, 11 балалар сауықтыру лагері, 47 туристік ұйым, 78 қолөнерші және 25 көлік субъектісі жұмыс істейді.

Көрікті орындар мен демалыс аймақтары

Жамбыл облысы қасиетті орындарымен, Қаралма тау шаңғысы курортымен, Меркі ауданының емдік суларымен және әсем сұлулығымен көптеген турист тарта алады. Қаратау, Талас және Қырғыз Алатауының сілемдері парашютпен секіру, парапланмен ұшу секілді альпинизм мен экстремалды туризмді дамытуға қолайлы. Оған қоса, Көксай және Мақпал шатқалдары, Ақсу-Жабағылы қорығы, Меркі таулары, Талас пен Шу өзендері бар. Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы, Балқаш, Алакөл, Билікөл көлдері судағы ойын-сауық бағытына ыңғайлы. Жамбыл даласында шытырман оқиғалы турлар да өткізуге болады. Сондай-ақ, әлемде танымал болған сауықтыру және ауыл туризмін де бастауға болады.

Қазір көптеген адамдар қаланың тымырсық ауасынан шаршап, ауылдың тыныштығына, таза ауасы мен таза өнімдеріне және жайбарақат уақыт өткізуге ұмтылады. Ал бұған шетелдіктер үшін экзотикалық ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді, спорттық ойын-сауық шаралары қосылса, Жамбыл облысы жақсы инфрақұрылыммен және жарнама науқанымен көптеген отандық және шетелдік туристік фирмаларды қызықтыра алады.

Түйіндей келгенде, Жамбыл өңірі тарихи-мәдени, тәу ету, археологиялық, экологиялық (аңшылық, балық аулау, агротуризм), балалар-жасөспірімдер, медициналық-сауықтыру, экстремалды туризм сынды алуан түрлі бағытты дамыту үшін барлық мүмкіндіктерге ие.

Көксай шатқалы парапланшылар арасында танымал

Тараздан 60 шақырым жердегі Жуалы ауданында Көксай өзені мен Көксай тау шатқалы орналасқан. Бұл өзен мұздықтардан бастау алады және таулардан өтіп, Жуалы үстіртін кесіп өтеді. Осылайша, таулардың ерекше формасы шетелдік туристер арасында танымал бола түсті.

Көксай – Ақсу-Жабағылы қорығының шығыс бөлігіндегі шатқалы. Бұл шатқал арқылы Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасы да өтеді. Шатқалдың етегінде арша тоғайын тамашалауға болады. Мұнда Талас пен Тянь-Шань қайыңы, ұсақ жапырақты тал, Түркістан шетені, бұталы және ағаш тәрізді арша секілді сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлер өседі. Әрі қарай көтеріліп, туристер таудағы субальпілік шалғынға тап болады. Бұл бағалы сәндік және дәрілік өсімдік түрлерінің нағыз генофонды. Олардың ішінде шайқурай, мыңжапырақ, көкемарал, аюқұлақ, Самарқан зиресі, күреңот, хош иісті түймедақ, жұпар шалфейі, қырықбуын қылшасы, қызғалдақтың алуан түрлері, қара күлгін шөмішгүл бар.

Көксай каньоны мен Ақсу-Жабағылы шатқалы туристер, альпинистер мен парапланшылар арасында өте танымал.

Ақсайдың саф ауасы мен қымызы

Ақсай шатқалы да Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылынан 12 шақырым жерде орналасқан. Ақсайға арнайы жол салынбаса да, халық оның табиғаты мен таза ауасы үшін баруға құмар. Шатқал бойында мұздай бұлақ суы ағып жатыр – бұл суды қорықпай ішуге болады, өйткені ол тікелей шатқал шыңындағы мұздықтардан кетеді.

Ақсай шатқалының биоалуантүрлілігі де таң қалдырады – түрлі ағаштар, шөптер, бұталар мен гүлдер Тянь-Шань Алатауының сілемдеріне жататын шатқал саясында өсіп жатыр.

Жуалы тұрғындары бұл жерлерде аю, қасқыр, арқар, түлкі және аймақтың бай фаунасының басқа да өкілдерін оңай кезіктіруге болатынын айтады. Ақсайдың жоғары шыңдарында жылқы үйірі жайылады, малшылар оларды тау соқпақтарымен ең биік жерге апарады, өйткені ең жақсы шөп сонда деп санайды. Сондықтан да Жуалы қымызының дәмі таңғажайып, мұнда жергілікті әйелдер арнайы жасалған ағаш күбіде дәрілік шөптерді қосып, қымыз піседі.

Берікқара – қызғалдақтың отаны

Жуалының тағы бір ерекшелігі – қызғалдақтың әлемдік отаны ретінде ресми танылған әйгілі Берікқара шатқалы орналасқан. Дәл осы жердің қызғалдақтары әлемдік гүл экспортына жол салған Голландияға жіберілген. Мұнда жергілікті түрлерден бөлек, қызғалдақтың бес түрі өседі, олардың арасында сирек кездесетін Грейг пен Кауфман түрлері Қызыл кітапқа енгізілген және мемлекет қорғауына алынған.

Берікқара шатқалы – жамбылдықтардың сүйікті демалыс орны. Кеңестік кезден бері мұнда мектеп оқушылары жазғы демалысқа келетін. Қазір демалыс аймағы (Бұрынғы пионер лагері) және балалар мен отбасылық демалыс орталығы орналасқан. Көптеген отбасылар денсаулыққа пайдалы уақыт өткізу үшін осында келеді және адамдарға ыңғайлы болу үшін бәрі жасалған. Мәселен, жаяу серуенді ұнататындар үшін таулар арқылы қауіпсіз туристік маршруттар сызылған.

Жазғы каникул кезінде Берікқара шатқалында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары, қосымша қажеттіліктері бар балалар және балалар үйінің тәрбиеленушілері денсаулығын жақсартады. Қалған уақытта мұнда Қаратау тауларының көркем беткейімен серуендеп, Жуалы жерінің емдік ауасымен тыныс алғысы келетіндердің барлығы жүреді, оны Жуалы ауданының тумасы жазушы және қолбасшы Бауыржан Момышұлы өз шығармаларының бірінде «кішкентай Швейцария» деп те атаған.

Берікқара шатқалында сирек кездесетін табиғат тамашасы мен ежелгі тарихтың ең құнды ескерткіштері қатар орналасқан. Жергілікті қорықшада әлемдегі жалғыз реликттік Берікқара терек тоғайы және соғды кезеңінен қалған шаған тоғайы өседі. Сонымен қатар, құрып кету қаупі төнген жануарлар (Қаратау арқарлары, үнді кірпісі) мен құстар мекендейді.

Шатқалға жақын маңда біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасырға жататын бес жүз сақ қорғанының кешені бар. Тарихшылардың айтуынша, дәл осы жерлерде Шыңғыс хан өзінің мыңғырған әскерімен аялдаған.

Мақпал – әдемі пейзаждар аумағы

Жамбыл облысында туристер мен демалушыларды қызықтыратын көптеген таңғажайып орындар бар. Солардың бірі – Қырғыз Алатауының солтүстік беткейінде, Т. Рысқұлов ауданында орналасқан Мақпал шатқалы.

Шатқал шамамен 20 мың гектар аумақта, теңіз деңгейінен 2800 метр биіктікке орналасқан және орта таулы аймаққа жатады. Шатқал сан түрлі өсімдіктерімен, жайылымдық шалғындарымен ерекшеленеді.

Жоғарғы таулы бөлігінде Талас және Тянь-Шань қайыңының сирек кездесетін эндемикалық түрлерінің, Сиверс жабайы алма ағаштарының, Регель алмұрты мен долана тоғайлары өседі.

Макпал шатқалында сәндік және дәрілік шөптердің алуан түрі бар, олардың арасында Қызыл кітапқа енетін және жойылып бара жатқан түрлер – таушымылдық, зире, қызылмия, көкгүл, гентиан, бөденешөп, құртқашаш, Грейг Кауфман, Альберт қызғалдақтары және басқалары бар.

Палеолиттік тұрақтар – танымал туристік маршруттар

Жамбыл облысында ғалымдар тапқан заттар, тас бұйымдары бүтін күйінде сақталған жалғыз палеолиттік тұрақ бар. Соңғы уақытта қоғамда ежелгі заманнан бастап ел тарихына деген қызығушылық күшейе түсті. Жамбылдықтар танымал тарихи ескерткіштерге ғана емес, байырғы тұрғындардың ежелгі тұрақтарына да экскурсияларға барады.

Жамбылдықтар арасында Сарысу ауданы Қарасу шатқалы Арыстанды өзенінің бойындағы қазақ ғалымы, ағартушы Шоқан Уәлиханов атындағы палеолиттік тұраққа экскурсиялар танымал.

Қаратау жотасы бір кездері Қазақстан аумағындағы ежелгі адамдардың қоныстануына қолайлы мекендердің бірі болған. Ғалымдардың пікірінше, палеолит дәуірінде салыстырмалы түрде ылғалды және жылы климат, жайқалған өсімдіктер, сол кездегі алуан түрлі фауна миллион жыл бұрын Еуропа мен Сібірден осында келген адамдардың өмір сүруіне жағдай жасады. Қазақстандағы төменгі палеолит дәуіріндегі тас дәуірінің ең көне тұрақтары – Маңғыстау облысындағы шақпақ тастар және Жамбыл облысындағы Арыстанды тұрағы болып саналады.

Жамбыл облысында палеолит дәуірінің кейінгі кезеңіндегі (Мусте кезеңі) Шабақты, Бөріқазған секілді көптеген тұрақтар табылды, онда бес мыңнан астам түрлі құрал-сайман жиналды. Арыстанды тұрағын 1958 жылы X. Алпысбаев ашқан, зерттеуші сол жерден тас бұйымдарын, от орны мен ошақтарды, жылқылардың, бизондардың, ақбөкендердің, бұғылардың сүйектерін тапты. Бұл Қазақстан аумағындағы тас бұйымдары бастапқы күйінде, яғни Мустье дәуіріндегі (б.з. д. 140-40 мыңжылдықтар) қаз-қалпында сақталған жалғыз тұрақ.

Қарасай шатқалының петроглифтері

Бүгінде Қарасай шатқалы туристік сапарлар мен мектеп экскурсиялары үшін танымал орынға айналды. Жамбылдың туристік фирмалары қонақтарын осында әкелгенді ұнатады. Мұнда оқушылар ежелгі дәуірді тамашалап, өлкетану сабағын өткізеді. Шатқал Тараз қаласына жақын орналасқан және оған қалалық автобуспен барып, таулы жерлерде бірнеше шақырым жаяу серуендеп жетуге болады.

Алайда, Жамбылдың өлкетанушы-тарихшылары Қарасай петроглифтерінің тағдырына алаңдаулы, егер шұғыл шаралар қабылданбаса, аймақ бірегей тарихи құндылықтарды жоғалтуы да мүмкін.

Тараздан шамамен 20 шақырым жерде бірнеше шақырымға созылған Қарасай шатқалының петроглифтері орналасқан. Ондағы суреттер бірнеше мың жыл бұрын салынған шығар. Өлкетанушылар мың теңгелік қағаз ақшада Қарасайдан табылған ежелгі түйе бейнесі салынғанын мәлімдеген.

Жамбыл облысы аумағындағы Оңтүстік Қазақстан тауларында ондаған мың үңгір суреттері сақталған. Тянь-Шань жоталары, Қаратау және Алатау арасындағы Талас алқабында алғашқы адамдар шамамен миллион жыл бұрын пайда болған деп есептеледі. Өлкенің бай тарихы көптеген қорғандарда, ежелгі тұрақтарда, қалашықтарда, тас мүсіндерде көрініс табады, ашық аспан астындағы музей болады. Қордай және Шу-Іле тауларында, Қарасай, Бота-Мойнақ, Ақбұлым, Шоқпар, Қотыр, Ақсүйек, Ой-Жайлау, Аңырақай және басқа да шатқалдарда орналасқан Жамбыл облысының петроглифтерін ғалымдар біздің дәуірімізге дейінгі II мыңжылдықтан басталатынын айтуда.

Бұл жерлер қасиетті деп саналған. Яғни, мұнда адамдар түрлі ғибадат рәсімдерін өткізіп, құнарлы жер, сәтті аң аулау, ұрпақтары жөнінде дұға еткен. Жартастағы суреттер ежелгі тарихты көруге мүмкіндік береді. Мұндағы бейнелер адамдардың көнедегі өмір салтын – аң аулауды, осы аймақта қандай жануарлар тіршілік еткенін көрсетеді. Сондай-ақ, қасқыр, жабайы арқар, тармақталған мүйіздері бар бұғы, турлардың (үлкен мүйізі бар бұқалар) бейнелері анық көрінеді. Мұндағы мүйізтұмсық немесе сусиырға ұқсайтын жануардың бейнесі де таң қалдырады. Яғни, мұнда бір кездері тұяқтыларды аулаған жабайы жануарлар өмір сүрген, бірақ біздің заманымызға жетпей, жойылып кеткен. Осылайша, төрт мың жыл бұрын Тараз маңында арыстандар мен жолбарыстар, турлар мен бұғылар жүргенін, адамдардың жабайы түйелерді қолға үйреткенін сеніммен айтуға болады.

Қола дәуіріндегі адамдар мифологиялық ойлау сатысында болды, олар үшін өмір табиғаттың қайталанатын циклдерінің өзгеруін білдірді. Көктемгі күн мен түннің теңелуі, жер жырту, егін жинау, мал бағу, қыс – содан кейін қайтадан көктемгі жылы күннің келуі – бұл үйлесімді бұзбау үшін олар құдайларға құрбандық шалып, дұғалар мен арнайы рәсімдер жасау керек деп ұйғарған. Бұл рәсімдер таулы шатқалдарда, қасиетті бұлақтар мен өзендердегі арнайы қасиетті орындарда жасалды. Қарасай шатқалы мыңдаған жылдар бұрын осындай киелі орын болған.

Облыстағы қорғалатын аумақтар

Жамбыл облысында ерекше қорғалатын 7 табиғи аумақ бар, олардың жалпы ауданы 3 миллион гектардан асады. Табиғи аумақтар биоресурстарды – Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген өсімдіктер мен жануарларды қорғау үшін құрылған. Мұнда бес мемлекеттік табиғи қорықша, Жусандала мемлекеттік қорық аймағының бөлігі және Ақсу-Жабағылы табиғи қорығының бөлігі бар. Жақында жергілікті маңызы бар «Мерке» табиғи қорығы құрылды.

Облыс аумағындағы табиғи қорықтарда құландар, арқарлар, дуадақ, безгелдек, жорға дуадақ, қоңыр аюлар, сілеусін, қар барысы және басқалары (барлығы 17 түр) мекендейді. Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлардың есебі жүргізіледі. Сирек кездесетін өсімдіктердің 30-дан астам түрі – беркарин терегі, қызғалдақтың бірнеше түрі, тораңғы, Сиверс алма ағашы және басқалары өсіп тұр. Бұл жануарлар мен өсімдіктердің барлығы Қызыл кітапқа енгізілген және мемлекет қорғауында.

Ғасырлар қойнауына саяхат

Әулиеата жерінде 3,4 мыңнан астам тарих, археология, сәулет, монументалды өнер ескерткіштері бар, олардың 25-інің республикалық маңызы бар. Мұнда екі жүзден астам ежелгі қалашықтар табылды. Жамбыл облысының бес тарихи нысаны ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мәдени мұра тізіміне енгізілген, олар – Ақтөбе (Степнинское), Құлан, Өрнек, Қостөбе қалашықтары, сондай-ақ Ақыртас сарай кешені. Республикалық сакралды картаға Жамбыл облысының жеті тарихи-мәдени нысаны енгізілді, олар – Қарахан, Айша-бибі, Бабажы қатын кесенелері, Тектұрмас кешені, Тараз қалашығы, Жайсан ғибадатханасы және тылсымға толы Ақыртас.

«Ежелгі Тараз» археологиялық паркі

«Ежелгі Тараз» археологиялық паркі – республикалық маңызы бар тарихи ескерткіш, өңірдегі басты көрнекті орын және туризмді дамытудағы басты бағыт болып саналады. Мұнда Ұлы Жібек жолындағы маңызды аралық болған Тараздың ежелгі қалашығын зерттеу, ауқымды археологиялық қазба жұмыстары жалғасуда.

Қаланың тарихи орталығында орналасқан археологиялық паркке Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қызығушылық танытқандардың баршасы міндетті түрде баруы керек. Мұнда археологиялық қазба жұмыстары кезінде де 2 мың жыл бұрынғы ежелгі артефактілерді, көне қолжазбаларды, өнер, мәдениет, нумизматика туындыларын көруге болады.

VI-XII ғасырлардағы ортағасырлық Тараз бұрынғы орталық базар аумағын алып жатты. Кез келген Шығыс қаласының жүрегі мен орталығы базар болатын. Археологтардың пікірінше, 2011 жылға дейін мың жылдан астам уақыт бойы Тараз базары бір орыннан ауыспаған. Сол жылы археологиялық қазба жұмыстарын бастау үшін базар басқа жаққа көшірілді.

Тарихи мұрағаттарда VII ғасырда саяхаттап келген будда монахы Сюань-Цзянның Тараз базары туралы сипаттамасы сақталған: «Мұнда түрлі елдерден келген саудагерлер тоқтап, тауардың барлық түрлерін сатады. Әсіресе былғары мен жібектен, алтыннан, күмістен және қоладан жасалған бұйымдар сатады». Сондай-ақ, Таразда қыш ыдыстар, кілемдер, маталар, дәмдеуіштер және басқа да көптеген тауарлармен сауда-саттық жасалған.

Бұрынғы базар орнында археологтар Тараздың ең көне бөлігі жатқанын дәлелдеді. Олар VI-XII ғасырлардағы 50 мыңға жуық артефактілерді, ортағасырлық цитадельді, VIII-IX ғасырлардағы мешіт-медресені, зороастриялық-отқа табынушылардың құрбан шалатын ыдысын, зындандарды, Талас өзенінің ежелгі арнасының жағалауын, баспана іргетасын қазып алған.

Келушілер ежелгі қала қабырғалары мен мұнараларын, қалпына келтірілген тұрғын үйлерді және қаланың бай тарихи артефактілерін көре алады. Экспонаттар ақпараттық дисплейлермен бірге жүреді, осылайша музей-қорықтың барлық жастағы келушілері үшін қызықты және танымдық сапар болмақ.

«Төрткүл» керуен сарайы

Тараздың батыс шетінде қалпына келтірілген «Төрткүл» керуен-сарайы «Ұлы Жібек жолы» туристік бағытының танымал нысандары тізіміне кіреді. Ортағасырлық Таразда қолөнер бұйымдарынан бөлек, Ұлы Жібек жолы бойымен жүрген саудагерлердің аялдайтын базасы болған және осындай 20-ға жуық керуен сарай табылған.

15 ғасыр бұрын мұнда көптеген елдер арқылы өтетін, көбінесе эпидемиологиялық тұрғыда қолайсыз сауда керуендері тоқтаған. Қаланы және оның айналасындағы ауылдарды инфекциялардан қорғау үшін билік керуендер мен олардың малын қаладан алыс орналасқан арнайы керуен сарайларында уақытша оқшаулаған. Карантиннен кейін ғана саудагерлер қалаға кіруге және сауда жасауға рұқсат алған.

2008 жылы Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары археологиялық қазбаларды бастап, қонақ үйі, моншалары және ілеспе инфрақұрылымы бар бұрынғы Керуен сарай қалдықтарын тапты. Мұнда табылған монеталар бойынша бұл нысан біздің заманымыздың VI-VII ғасырларына жатады.

2010 жылы Керуен сарай қалпына келтірілді, бес метрлік қабырғалар тұрғызылды, интерьер қайта жасалды. «Төрткүл» ашық аспан астындағы музейі 2014 жылы туристік орын және ерте орта ғасырлардағы ең қызықты археологиялық орындардың бірі ретінде ашылған.

Қали Жүніс моншасы

ХІХ ғасырдың аяғында бай көпес Қали Жүніс салдырған ежелгі монша – XIX ғасырдағы тұрмыстық сәулет өнерінің ерекше, жақсы сақталған ескерткіші болды.

Тараздың тарихи орталығындағы монша ХХ ғасырдың ортасына дейін белсенді жұмыс істеп тұрды. Содан кейін монша жабылып, қалпына келтіріліп, 1982 жылы Қазақ КСР-нің республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерінің тізіміне енгізілді және мемлекет қорғауына алынды.

Жалпы ауданы 450 шаршы метр, биіктігі 6 метр болатын көп күмбезді монша 11 үй-жайдан тұрады. Биіктігі үш метрлік және қалыңдығы бір метрлік қабырғалар күйдірілген кірпіштен жасалған. Жерасты жылу өткізгіш жылыту жүйесі Ежелгі Рим моншалары мен Шығыс моншаларына ұқсатып салынған.

Халық сол кезде шығыста өте жоғары бағаланған моншаны қалаға сыйға тартқан Қали Жүністің есімін сақтап қалды. Қали Жүніс Бұқарадан жібек тасып, керуен сарай ұстаған. Оған риза болған тұрғындар моншаны Қали Жүністің атымен атап кетті.

Тараздың орталық алаңы

Бұл алаң – қала қонақтары мен туристер баратын танымал орындардың бірі. Бірнеше жылдар бойы орталық алаң бірқатар өзгерісті бастан кешті. ХХ ғасырдың 50-ші жылдарына дейін мұнда ұн базары болды, 60-жылдардың басында алаңды қайта құру мен абаттандыру жұмыстары басталды. Құрылыс жұмыстары кезінде X-XI ғасырларда Тараздың гүлденген кезінде жасалған ежелгі құмыралар табылды. Бұл құмыраларда ежелгі қаланың елтаңбасы болған «Барыс» та бар.

Қазіргі уақытта орталық алаң – әкімшілік ғимараттар мен мәдениет мекемелерінің үйлесімді кешені. Алаңның ортасында 2002 жылы XIV–XV ғасырлардағы аңызға айналған батыр және би болған Бәйдібекке ескерткіш орнатылды.

Көне замандардан бері Таразда көптеген діни конфессиялар болған. Қазір де бұл қалада бірнеше дін өкілдері бейбіт өмір сүруде. Мәселен, Төле би орталық даңғылында «Һибатулла Тарази» орталық мешіті және Құдай Ана православиелік шіркеуі қатар орналасқан. Жамбыл облысының екі негізгі ғибадатханасы мұсылман азандарымен және православиелік қоңыраулармен үндеседі.

Қазақстанның ең көне мешіті

Бір кездері Бас мүфти және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы болған Әбсаттар қажы Дербісәлі Таразды Қазақстандағы исламның орталығы деп атаған еді. Мұнда Қазақстан аумағындағы ең көне мешіт табылған. Дәлірек айтқанда, Таразда ежелгі ғибадат орны 2006 жылы ашылды – археологтар VI-VII ғасырлардағы несториандық ғибадатхана іргетасын қазды, соның негізінде IX-X ғасырларда мешіт тұрғызылған, бұған христиандық символикасы бар фрагменттер, сондай-ақ мешіт стилінде сақталған құрылымдар дәлел бола алады. Мұны 893 жылы саманид билеушісі Исмаил ибн Ахмедтің Таразға жасаған әскери жорығы туралы шежірелер растайды, ол қаланы жаулап алып, оның тұрғындарын Ислам дініне сендіріп, ежелгі соборды мешітке айналдыруды бұйырған.

Бүгінгі таңда ежелгі Тараз мешіті қалпына келтірілді, ал 2007 жылы бұл орында Құран сүрелері қайта оқылды. Осылайша, Қазақстандағы ерте ислам дәуірінің ғимараты бірегей туристік нысан мәртебесіне ие болды.

«Һибатулла Тарази» мешіті

Жамбыл облысының Бас мешіті Төле би орталық даңғылында 2008 жылы демеушілік қаражатқа салынған. Ал 2010 жылы ғимарат қайта қалпына келтіріліп, ғимараттың сыртқы келбеті жоғары мәртебесіне сай түбегейлі өзгерді.

2012 жылы орталық мешіт жанынан демеушілік қаражатқа салынған медресе ашылды. «Һибатулла Тарази» медресесінде ислам негіздерін жоғары білімі бар оқытушылар, Құран білгірлері – қарилер үйретеді. Оның бағдарламасында Құранды, араб тілін және Қазақстан тарихын зерделеу жазылған.

Құдай Ана православиелік шіркеуі

Тараздағы православиелік успен шіркеуі қала орталығында, Төле би даңғылының бойында, өткен ғасырдың 90-жылдарында салынған. Жамбыл облысының бас шіркеуі бүкіл әлемнің қайырымдылық қаражатына, сондай-ақ ондағы тұңғыш поп Борис әкейдің (Киняк) күш-жігерімен салынған.

1993 жылы желтоқсанда шіркеу ғимараты Қасиетті Құдай ана жорамалы құрметіне салтанатты түрде дәріптелді. Он жыл бойы Тараз суретшісі Сергей Михальцов шіркеуді әшекейлеп бояу және кескіндеме жұмыстарын толығымен жүргізіп шыққан.

Шіркеудің барлық ішкі құрылыстары 1998 жылы аяқталды. Ғибадатхананың аумағы абаттандырылған, ағаштар мен гүлдер арасында, жүзім астында демалу ғанибет сыйлайды.

Ұлттық валютаға қойылған ескерткіш

Орта ғасырларда X–XII ғасырларда Қараханидтер мемлекетінің астанасы болған Таразда монета сарайы болған және күш пен өркендеудің символы ретінде табаны көтерілген барыс бейнеленген шақалар соғылған. Бұл заманда өз ақшасын шығара алатын қалалар сирек еді.

Мың жылдан кейін Тараз (Сол кездегі атауы Жамбыл) қайтадан ақша астанасы болды. Тәуелсіздік алған тұста Тараздан Қазақстанның барлық өңірлеріне ұлттық теңге валютасы таралды.

Егемен Қазақстанның алғашқы ақшасы Ұлыбританияда басылды. Содан кейін қатаң құпия жағдайында 2,3 миллиард жаңа теңге Қазақстанға Таразға, Ұлттық банктің Жамбыл филиалының жерасты қоймасына, сондай-ақ Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының жерасты баспаналарына тікелей рейстермен жеткізілген.

2013 жылы теңгенің 20 жылдық мерейтойына орай, Таразда Қазақстанда ұлттық валютаны енгізуіне арналған естелік стела ашылды. Бұл Қазақстандағы ұлттық валюта теңгенің тарихын көрсететін алғашқы ескерткіш.

«Сәттілік серілеріне» қойылған ескерткіш

Таяу шет елдерден келген туристер бұрын Жамбыл есімімен аталған Таразға келіп, посткеңестік замандағы «Сәттілік серілері» (Джентльмены удачи) кинофильмінің кейіпкерлеріне қойылған ескерткішті іздейді.

2006 жылы «Сәттілік серілері» фильмінің 35 жылдық мерейтойына орай Таразда «Шахристан» базарында осы картина кейіпкерлеріне арналған ескерткіш салтанатты түрде ашылды. Ескерткіштің ашылуы танымал ақпараттық науқанмен қатар жүрді. Ресей кинематографистер одағының төрағасы Никита Михалков Жамбыл облысы әкімдігіне қос елдің достығы мен өзара байланысын атап өтіп, алғыс хат жолдады.

Тараз тұрғындарының бұл фильмге ерекше құрметпен қарауының да себебі бар. Фильм кейіпкерлерінің бірі Василий Алибабаевич «Жамбылға барам... Ол жақта жылы, онда менің анам бар» дейді. Дәл осы түсірілім алдында актер Евгений Леонов Жамбылға гастрольдік сапармен келген екен, қыстың қақ ортасында келсе де мамыражай ауа райы, халықтың жылышырай мінезі актерге ұнаған тәрізді. Осылайша кино кейіпкерлері қалаларды атап ойнағанда, актер «Жамбыл» атауын да ұсынған.

«Сәттілік серілері» ескерткіші Тараз қаласының басты беткеұстарына айналды. Сондықтан орталық базар жабылғанда тараздықтар ескерткіштің тағдырына қатты алаңдады. Қала билігі де бұл мүсіндік композицияны қайда көшіру керектігін ұзақ ойлады. Ойлана келе, «Сәттілік серілері» танымал мейрамхана кешеніне ауыстырылды.

Жамбыл облысындағы ең танымал туристік нысан

Қаланың ең танымал және ең көп баратын туристік нысаны Тараздан 40 шақырым жерде орналасқан тылсымға толы Ақыртас кешені. Ақыртас орны қазақстандық және шетелдік ғалымдардың асқан қызығушылығын туғызады.

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорық дирекциясының қамқорлығымен трассадан алыс, сусыз және шөлді жерде орналасқан тарихи кешен аумағы қоршалып, жол салынып, жарық қойылды.

2012 жылы мұнда конференц-залы, жұмыс кабинеттері және археологтарға арналған шағын қонақ үйі бар ғылыми ақпараттық-талдау орталығы салынды. Батыс Еуропа – Батыс Қытай тас жолынан арнайы асфальт жол төселді, Ақыртөбе ауылының маңында нұсқама көрсеткіштер орнатылды.

Ақыртастағы сарай – өте үлкен құрылым, оның Мысыр пирамидаларының лабиринттері сияқты тас өткелдермен байланысқан көптеген бөлмелері болған. Оған ұқсас ғимаратты қазір тек үш жерде – Алеппо, Дамаск және Самарияда көруге болады. Тас ғимараттың өлшемі 205х185 метр болатын төртбұрыш, оның қабырғалары қызыл құмнан құйылған үлкен тас блоктарымен қапталған. Ақыртас кешені құрамына сарай құрылысынан бөлек, қала маңындағы үйлер, тас және саз карьерлері, су қоймалары кіреді. Әуеден лазерлік камерамен жасалған Ақыртастың бірегей фотосуреттері кешенді егжей-тегжейлі қарастыруға мүмкіндік береді.

Ақыртас туралы аңыз көп, ол әлемнің шетіндегі ақырғы тас, келімсектердің мекені және көріпкелдердің панасы, жұмбақ күш беретін, зерттеушілерді күтіп жатқан тылсымға толы жер ретінде сипатталады.

Авторы: Галина Скрипник


Соңғы жаңалықтар
telegram