Исламабадта Қазақстан Елшісі Пәкістанның Дін істері жөніндегі федералдық министрімен кездесті

ИСЛАМАБАД. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат –Қазақстанның Пәкістандағы елшісі Бақытбек Шабарбаев ақпанның 17-сінде Исламабадта Пәкістанның Дін істері жөніндегі федералды министрі Саед Хамид Саид Казмимен кездесті.
None
None
Әңгіме барысында екі мемлекеттің көпжақты форматтағы өзара іс-қимылдары мен қазақстан-пәкістан екіжақты ынтымақтастығының мәселелері бойынша пікір алмасылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның Пәкістан Ислам Республикасындағы Елшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Б.Шабарбаев Пәкістан министрін Қазақстандағы мәдениетаралық және дінаралық диалогтың табысты моделі туралы, сондай-ақ Әділет министрлігінің Дін істері жөніндегі комитеті мен Мәдениет және дін мәселелері жөніндегі халықаралық орталығының жұмысы туралы әңгімелеп берді. Бұл комитеттің және халықаралық орталықтың жұмыс бағыттарының бірі әлем елдеріндегі осындай құрылымдармен ынтымақтастық орнату болып табылады, сондықтан да кездесу барысында Пәкістанның осындай мекемелерімен байланыс орнату мәселесі сөз болды. Қазақстан Елшісі сондай-ақ, біздің елімізге жаһандық конфессияаралық диалогтың орталығына айналуға мүмкіндік беріп отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің съездерін өткізу жөніндегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасына көрсеткен қолдауы мен шараға белсенді атсалысуы үшін Пәкістан Үкіметіне алғыс білдірді. Ислам идеологиясы кеңесінің төрағасы мен мүшелері, Пәкістандағы Халықаралық ислам университетінің танымал ғалымдары 2003 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер басшылары съезі хатшылығының жұмысына, ал кейінірек, былтыр қазан айында өткен Мұсылман және батыс елдерінің сыртқы істер министрлерінің «Ортақ әлем: көптүрлілік арқылы прогреске» конференциясына атсалысқан болатын. Дипломат сондай-ақ, Қазақстан 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына және 2011 жылы Ислам Конференциясы ұйымына төрағалық ететін кезеңде, екі ұйымның күн тәртібіндегі басты баптардың бірі - мәдениеттер мен діндер арасындағы диалог мәселесі болатынын атап көрсетті. Осылайша, ағымдағы жылы Астанада БҰҰ қамқорлығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының кезекті съезі өтетінін ескерсек, Қазақстан 2009-2011 жылдары ұлысаралық және дінаралық келісім мәселелері ең жоғары халықаралық деңгейде ілгерілету мүмкіндігіне ие болып отыр. Осыған байланысты, ислам әлеміндегі беделді елдің бірі ретінде Пәкістан тарапына Ислам конференциясы ұйымы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының арасындағы ынтымақтастықтың ықтимал салаларын анықтауға атсалысу туралы ұсыныс жасалды.
Соңғы жаңалықтар