20:51, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
Исламабадта көлік және сауда салаларындағы Қазақстан-Пәкістан ынтымақтастығы мәселелері талқыланды
АСТАНА. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат – Исламабадта Қазақстан Республикасының Елшісі Бақытбек Шабарбаевтың Пәкістан коммуникация министрі Арбаб Аламджир Ханмен кездесуі болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Кездесу барысында көлік және сауда салаларындағы екіжақты және көпжақты даму мәселелері талқыланды. Федералдық министр Пәкістан үкіметінің қарым-қатынастарды нығайтуға мүдделі екендігін және Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыру ниетін білдірді.
Қазақстандық дипломат Қазақстанда көлік жүйесін дамытуға, және 2015 жылға дейінгі Қазақстанның көлік саласын дамытудың стратегиясы» негізінде оның халықаралық инфрақұрылымға ықпалдасуына баса мән беріліп отырғанын атап өтті.Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көлік қатынастары және сауданы жолға қоюдың перспективалары талқыланды.Қазақстанның Елшісі Арбаб Аламджир Ханға Азиядағы ынтымақтастық диалогына қатысушы-елдер министрлерінің 1-ші көлік форумына шақыруды тапсырды. Қазақстан көлік саласындағы ынтымақтастық бойынша үйлестіруші болып табылады және қазіргі уақытта Азиядағы ынтымақтастық диалогында ? Азияның 30-дан астам елін біріктіретін форумға төрағалық етіп отыр.Арбаб Аламджир Хан, сонымен қатар, Халықаралық автомобиль көлігі одағы Автомобиль көлігі бойынша 5-ші еуразиялық автокөлік конференциясы аясында Алматыда өтетін «Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту: жоспардан іске асыруға дейін» деп аталатын министрлердің кеңесіне шақырылды.