Исламдағы ұстамдылық идеясы ынтымақтастықты көздейді - Әділ әл-Фаллах

Осы орайда сан алуан конфессиялардың арасындағы ынтымақтастыққа жол ашатын Исламдағы ұстамдылық мәселесіне назар аударғым келеді. Бүгін Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының III Съезі аясында «Сұхбат және ынтымақтастық» секциясы бойынша сөз сөйлеген Кувейт мемлекетінің Ислам және вакуфтер істері жөніндегі Мемлекеттік министрдің орынбасары Әділ әл-Фаллах осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның пайымдауынша, қазіргі кезде көптеген діни ағымдарда қайшылықсыз бейбіт өмірді орнату мүмкін емес деген түсінік әлі де бар. «Сол себепті бүгінде Исламдағы ұстамдылық идеясын жан-жақты дамыту қажет. Мен бұл мәселемен соңғы 15 жыл бойы айналысып келемін. Осы идеяны, әсіресе, Кеңес Одағының құрамында болған мемлекеттер арасында кеңінен насихаттау қажет», - дейді Әділ әл-Фаллах. Оның сөзіне қарағанда, Исламдағы ұстамдылықтың арқасында ғана әлем бойынша дінаралық келісімді орнатуға болады. «Ислам - бұл жаһандық миссиясы бар дін. Қасиетті Құран Кәрімнің әрбір аяты «Уа, халқым», «Уа, адамзат» деп басталатынына қарап, бұл діннің барша әлем халықтарына бағытталғандығын айқын көруге болады. Сондықтан Ислам тек ынтымақтастықты және діндер арасындағы әріптестікті көздейді», - деді өз сөзінде Әділ әл-Фаллах.