Исландия ұлттық қорғаныс құрылымдарын құру мүмкіндігін қарастырып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Исландия ұзақ жыл бойы өзінің армиясы болмаған мемлекет ретінде белгілі. Алайда геосаяси жағдайдың ушығуына байланысты ел билігі қорғаныс құрылымдарын құру туралы ойлана бастады, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

АҚШ пен Еуропа арасындағы шиеленістің күшеюі, Арктика аймағындағы тұрақсыздық пен Қытай ықпалының артуы Исландия үкіметін ұлттық қорғаныс жүйесін дамыту мәселесін қайта қарауға мәжбүр етті.
Исландияның сыртқы істер министрі Торгейдур Катринн Гюннарсдоттир The Economist басылымына берген сұхбатында елдің қорғанысқа жұмсалатын шығындарын ЖІӨ-нің қазіргі 0,2%-ынан 1%-дан жоғары деңгейге дейін арттыру жоспары бар екенін айтты. Сонымен қатар, одақтастардың әскери кемелері мен ұшақтарын орналастыруға арналған инфрақұрылым салу мәселесі де талқыланып жатыр.
Мұнымен қоса, ел аумағындағы маңызды инфрақұрылым нысандарын, мысалы, суасты кабельдерін қорғау үшін өзге бір барлау құрылымын құру бастамасы әзірленіп жатыр.
Исландия премьер-министрі Криструн Фростадоуттир Украина мен Ресей арасындағы соғыс Исландияға да әсер ететінін айтты. Ол елдің әскери нысандарын, соның ішінде Кефлавиктегі база инфрақұрылымын күшейтуге дайын екенін жеткізді.
1950-жылдардың басынан бері Исландия қорғанысын АҚШ-пен жасалған екіжақты келісім аясында АҚШ әскері қамтамасыз етіп келеді. Алайда 2006 жылдан бастап АҚШ өз контингентінің бір бөлігін елден шығара бастаған. Қазіргі кезде Исландия АҚШ және НАТО-ға мүше басқа елдермен байланыстарды қалпына келтіріп жатыр.
Сарапшылардың пікірінше, исландиялық саясаткерлердің қорғаныс жүйесін дамыту туралы мәлімдемелері АҚШ-тың қысымы немесе Гренландиядағыдай жағдайға тап болмау үшін алдын ала қадам жасау талпынысы болуы мүмкін.
Халқы 400 мыңға жетпейтін бұл елдің толыққанды қарулы күш құруы екіталай. Сондықтан жағалау күзетін күшейту және бақылау жүйелерін жасау сияқты бағыттар қарастырылып жатыр.
Исландия қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты кіммен тереңдететіні – АҚШ-пен бе, Ұлыбританиямен бе, әлде Еуроодақпен бе – бұл сұрақ әзірге ашық күйінде қалып отыр.
Айта кетелік Еурокомиссия президенті Исландиядағы еріп жатқан мұздыққа барады.