Исландияда 6 мың жыл бойы қозғалыссыз жатқан жанартау оянды
РЕЙКЬЯНЕС. ҚазАқпарат – Исландияның оңтүстік-батысындағы Рейкьянес түбегінде 6 мың жыл бойы қозғалыссыз болған Фаградальсфьядль жанартауы атқылай бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС агенттігіне сілтеме жасап.
Исландияның метеорологиялық басқармасының мәліметінше, лава оңтүстік-батыс және батысқа қарай баяу ағып келеді. Оның Гриндавика тұрғындарына немесе аса маңызды инфрақұрылым үшін тікелей қаупі жоқ. Дегенмен, метеорологтар халықты лай көшкіндері жөнінде ескертуде.
Фаградальсфьядль – Исландияның оңтүстік-батысында Рейкьянес түбегінің орталығында орналасқан жанартау тауы. Оның биіктігі - теңіз деңгейінен 385 метр. Айналасында тұратын халық саны аз.
Рейкьянес түбегінде жанартау соңғы рет 800 жыл бұрын, ал Фаградальсфьядль жанартауы 6 мыңға жуық жыл бұрын атқылаған.