Исландиялықтардың басым бөлігі ЕО-мен келіссөздерді қайта бастауға қарсы дауыс берді

АСТАНА. KAZINFORM — Исландия тұрғындарының басым бөлігі елдің Еуропалық одаққа (ЕО) қосылуы жөніндегі келіссөздерді қайта бастауға қарсы дауыс берді. Үкіметтің бастамасын сайлаушылардың 47,2%-ы қолдаса, 52,8%-ы қарсы шықты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.

Исландиялықтардың басым бөлігі ЕО-мен келіссөздерді қайта бастауға қарсы дауыс берді
Фото: REUTERS

Жергілікті RUV медиакомпаниясы 30 тамызда дауыс санау аяқталғаннан кейін жариялаған референдумның алдын ала нәтижесіне сәйкес, үкіметтің ұсынысын сайлаушылардың 47,2%-ы қолдаған, ал 52,8%-ы қарсы дауыс берген.

Бюллетеньдердің 0,7%-ы жарамсыз деп танылды. Дауыс беруге 270 мыңнан астам адам қатысты. Бұл — ел халқының жалпы саны шамамен 400 мың адамы.

Исландия 2009 жылғы қаржылық дағдарыстан кейін Еуропалық одаққа кіруге өтініш берген. Алайда 2013 жылы Рейкьявикте еуроскептиктер үкімет басына келгеннен кейін келіссөздер тоқтатылды.

Кейінгі уақытта АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландияны аннексиялау жөніндегі мәлімдемелері, инфляцияның өсуі және жоғары пайыздық мөлшерлемелер аясында көптеген исландиялық бұл мәселеге қатысты көзқарасын қайта қарады. Дегенмен елдің ЕО-ға қосылуына қарсылық әлі де басым. Әсіресе, бұл Исландия экономикасы үшін маңызды саналатын балық шаруашылығы саласында байқалады.

Егер ЕО-мен келіссөздерді қайта бастауды қолдаушылар жеңіске жеткен жағдайда, Брюссельмен елдің одаққа қосылуы жөнінде келісім жасалуға тиіс еді. Одан кейін Исландияның Еуропалық одаққа тікелей қосылуы туралы тағы бір референдум өткізу жоспарланған.

Исландия Еуропалық одақтың мүшесі емес. Алайда ел Шенген аймағына және адамдардың, тауарлардың, қызметтер мен капиталдың еркін қозғалысын қарастыратын Еуропалық экономикалық аймаққа кіреді.

Еске салайық, бұған дейін Исландия халқы 13 жыл бұрын тоқтатылған елдің Еуропалық одаққа қосылуы жөніндегі келіссөздерді қайта бастау мәселесі бойынша референдумда дауыс беріп жатқанын хабарлағанбыз.