Испания аптап ыстықтан қорғанатын ұлттық желі құруды қолға алды

АСТАНА. KAZINFORM — Испанияның премьер-министрі Педро Санчес елдегі қоғамдық ғимараттар базасында климаттық паналардың ұлттық желісін іске қосу туралы мәлімдеді, деп хабарлады BBC.

Аптап ыстық, аномалия
Фото: romatomorrow.it

Жоба келесі жаз басталғанға дейін жүзеге асырылады және күшейіп келе жатқан аномальды аптап ыстықтан қорғану ретінде қолға алынбақ.

Санчестің айтуынша, алапат құрғақшылық пен экстремалды жоғары температуралар сирек кездесетін құбылыс болудан қалған. Жаз мезгілінде барған сайын қысқа мерзімді ыстық толқындар емес, маусымнан тамызға дейін ұзаққа созылған температуралық аномалиялар жиілеп келеді.

Климаттық паналар демалуға арналған орындары бар, ауамен салқындатылатын және тегін ауызсумен қамтамасыз етілген ғимараттар болады. Олар, ең алдымен, созылмалы аурулары бар адамдарға, қарттарға, сәбилерге, сондай-ақ қаржылық мүмкіндігі шектеулі, аптап ыстыққа төзімсіз топтарға арналған.

Мемлекеттік метеорологиялық AEMET агенттігінің мәліметінше, осы жылдың жазы Испанияда бақылау тарихындағы ең ыстық жаз мезгілі болып тіркелді. Ел аумағында үш рет ыстық толқыны байқалған, олардың біреуі 16 күнге созылып, ауа температурасы Цельсий шкаласы бойынша 45 градустан асып кеткен.

Еске сала кетсек, биыл Шанхайда аптап ыстық ұзақтығы бойынша 100 жылдық рекорд жаңарды.

Соңғы жаңалықтар