Испания халқының саны 49,3 миллион адамнан асты
АСТАНА. KAZINFORM — Испания тағы да демографиялық рекорд орнатты. Елдің Ұлттық статистика институтының (INE) дерегі бойынша, елдің тұрақты халқы 49,3 миллион адамға жетіп, бұл ел тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіш болды, деп жазды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Тек осы жылдың екінші тоқсанында халық саны 119 811 адамға артқан. Бұл өсім шетелде туған тұрғындар санының көбеюімен байланысты. Ал Испанияда туғандар саны, INE мәліметі бойынша, 18 120 адамға азайған.
Еуропадағы халықтың қартаюы мен туу көрсеткішінің төмендеуімен сипатталатын жағдайға Испания да тап болып отыр. Дегенмен, ел бұл жағдайды ішінара иммиграция есебінен өтеп отыр.
Сәуір мен маусым айлары аралығында шетелдік тұрғындар саны 95 277 адамға өсіп, жалпы саны 7 050 174 адамға жетті. Сонымен қатар, испан азаматтығы бар адамдар саны 24 534 адамға көбейді, бұл негізінен натурализация (азаматтық алу) процесімен байланысты, ал туу көрсеткішімен емес.
Елге ең көп келгендер:
-
колумбиялықтар – 36 100 адам;
-
марокколықтар – 25 000;
-
венесуэлалықтар – 21 600.
Алайда дәл осы ұлттар елден ең көп кеткендердің қатарында: Испаниядан ең көп эмиграция жасағандар – колумбиялықтар (9 800), испандықтар (9 700) және марокколықтар (9 200).
Испаниядағы халық өсімі барлық аймақтарда біркелкі болған жоқ. Елдің барлық автономды қауымдастықтарында және Сеута қаласында өсім тіркелсе, Мелилья қаласында халық саны сәл азайған.
Ең үлкен салыстырмалы өсім тіркелді:
-
Арагонда – 0,91%;
-
Валенсия қауымдастығында – 0,50%;
-
Балеар аралдарында – 0,42%.
Бұл өңірлер соңғы жылдары өмір сүруге қолайлы аймақтар ретінде көбірек иммигранттарды тартып келеді.
Жылдық есеп бойынша, Испания халқы 508 475 адамға көбейіп, пандемия салдарынан кейінгі кезеңде және жаңа иммигранттардың келуімен күшейген өсім үрдісін жалғастырды.
Халық санының өсуімен қатар, Испаниядағы үй шаруашылықтарының саны да артып отыр. Қазіргі таңда елде 19 596 099 үй шаруашылығы бар. Тек екінші тоқсанның ішінде 49 221 жаңа үй шаруашылығы пайда болды. Бұл демографиялық өзгерістермен қатар, бірлесіп өмір сүру мен отбасы құрылымындағы өзгерістерді де көрсетеді.
Бұған дейін Испания жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші бойынша Жапониядан озғаны хабарланған еді.
Сондай-ақ, аномальді ыстық салдарынан Испанияда 1060 адам көз жұмғаны айтылған.