Испания Иранға қарсы америкалық ұшақтар үшін әуе кеңістігін жапты
АСТАНА. KAZINFORM - Испания Иранға қарсы АҚШ операцияларына байланысты өз әуе кеңістігі мен әскери базаларын пайдалануға шектеу енгізді. Бұл шешім қақтығыстың ушығуын болдырмауға бағытталған, деп хабарлайды BBC.
Ел премьер-министрі Педро Санчес соғыс басталғалы бері АҚШ пен Израильдің соққыларын заңсыз деп атап, Мадридтің бұл қақтығысқа қатыспайтынын бірнеше рет мәлімдеген. Қабылданған шектеулер америкалық әскери авиацияның Таяу Шығысқа ұшуын қиындатқанымен, толық тоқтатпайды.
- Ирандағы соғысқа қатысты қандай да бір әрекеттер үшін Морон мен Рота әскери базаларын пайдалануға рұқсат бермейміз, — деді Испанияның қорғаныс министрі Маргарита Роблес.
Оның айтуынша, Мадрид бұл ұстанымын АҚШ үкіметіне бастапқы кезеңнен-ақ ашық жеткізген.
Елдің сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес мұндай шектеулердің мақсаты - қақтығыстың одан әрі ушығуына әкелуі мүмкін әрекеттердің алдын алу екенін айтты.
АҚШ тарапы бұл мәлімдемелерге әзірге пікір білдірген жоқ. Алайда бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Испанияның Иранға қарсы соғысқа қатысты ұстанымына байланысты толық сауда эмбаргосын енгізуі мүмкін екенін ескерткен болатын.
Ақпан айының соңында басталған АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери қимылдарына қатысты Педро Санчес ең белсенді сын айтушылардың бірі болды. Ол бұл соққыларды «ойланбай жасалған» әрі «заңсыз» деп бағалады.
Наурыз айында Испания АҚШ-қа Андалусия өңірінде орналасқан Рота және Морон-де-ла-Фронтера әскери базаларын пайдалануға рұқсат бермегені хабарланған.
Өткен сәрсенбіде Санчес Ирандағы операцияларға қатысты барлық ұшу жоспарлары, оның ішінде әуеде жанармай құюға арналған ұшақтардың рейстері де кері қайтарылғанын мәлімдеді.
Осыған дейін Испанияның АҚШ тарапынан жасалған қоқан-лоқыға жауап бергені туралы жаздық.