Испания Қазақстанда өткізілетін тендерлер мен конкурстарға испандық компанияларды қатыстыруға үмітті

АСТАНА. Шілденің 2-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Испания алдағы қысқа мерзімде Қазақстанда өткізілетін тендерлер мен конкурстарға испандық компанияларды қатыстыруға үмітті.
None
None


Бұл пікірін бүгін Астанада өткен Экономика және өнеркәсіп салаларындағы ықпалдастық бойынша қазақстандық-испандық үкіметаралық аралас комиссиясының кезекті IV отырысында Испания Корольдігі Индустрия, туризм және сауда министрлігінің Сауда және инвестициялар бойынша бас директоры Антонио Санчес Бустаманте жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Біздің көздегеніміз - Қазақстанға испандық экспортты арттыру. Әрине, экспорт пен импорттың көлемін толығымен теңестіру мәселесін айтып отырғанымыз жоқ. Дегенмен, сауда айналымында испандық мөлшерді арттыруға ынталымыз», - деді ол.

 Сондай-ақ ол сауда-экономикалық қатынастар инвестициялық ықпалдастықпен де толыға түсуін қалайтынын жеткізіп, алдағы қысқа мерзімде Қазақстанда өткізілетін тендерлер мен конкурстарға испандық компаниялардың қатысуын көргісі келетінін айтты. «Бұл өз кезегінде, теріс сальдо балансын белгілі бір дәрежеде теңгеруге мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар Қазақстанда испандық өнімдер мен қызметтердің қатысуын арттыратын болады. Бүгін қосарланған салықты болдырмау бойынша қол қойылатын конвенция соған септігін тигізетін болады. Өйткені, сол арқылы біздің сауда-экономикалық қатынастарымыздың заңдылық базасын құру үрдісі толығымен аяқталады», - деді шетелдік мейман.

 Антонио Санчес Бустаманте сонымен қатар, испандық жобаларға қазақстандық капиталдың қатысуын  қолдайтынын білдірді. Өз кезегінде ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Дәленов, Қазақстан өз жобаларына испандық компанияларды қатыстыруға мүдделі екенін жеткізді. Бүгінде Астанада темір жол саласында «Patentes TALGO» компаниясымен бірлескен жұмыстар атқарылуда.

Соңғы жаңалықтар