Испания құрамасы Ұлттар лигасы финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан UEFA Ұлттар лигасы А дивизионда плей-офф сатысында финалға шыққан екінші құрама анықталды.

Испания құрамасы Ұлттар лигасы финалына шықты
Фото: championat.com

Грерманияның Штутгарт қаласындағы «Штутгарт Арена» стадионында Испания және Франция шеберлік байқасты.

Ойынды испаниялық футболшылар белсенді бастады. Нәтижесінде бірінші кезеңде жылдам екі гол соғып үлгерді. Ойынның 23-минутында Нико Уильямс есеп ашса, 26-минутта Микель Мерино есепті үстемелей түсті. 

Одан кейін испаниялық Ламин Ямаль 54-минутта пенальтиден, Педри 55-минутта басымдықты арттырса, франциялық Килиан Мбаппе 59-минутта пенальтиден мүлт кеткен жоқ.

Ал Ламин Ямал 67-минутта тағы бір мәрте мергендік танытса, одан кейін франциялық Райан Шерки көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Испаниялық Дани Вивиан 84-минутта автогол авторы атанса, 94-минутта франциялық Рандаль Коло Муани гол соқты.

Осылайша Испания қарсыласын 5:4 еесбімен басым түсіп, финалға жолдама алды.

Енді олар 8 маусымда финалда Португалиямен шеберлік байқасады. 

Сол күні 3-орын үшін Франция мен Германия кездеседі.

Айта кетсек, 4 маусымда тағы бір жартылай финалда Португалия құрамасы Германияны 2:1 есебімен сүріндірді.

Ұлттар лигасы 2018 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін Португалия, Франция, Испания құрамалары чемпион атанды.

Айта кетсек, Қазақстан құрамасы 2024 жылы Ұлттар лигасында В дивизионында үшінші топта Норвегия, Словения, Аустриямен бақ сынап, төртінші орынды місе тұтты. Салдарынан қайтадан С дивизионына түсіп қалды.

Соңғы жаңалықтар