Испания мен Қазақстан арасындағы әріптестіктің бұдан арғы дамуында жоғары әлеует бар - Б.Жәмішев

Бүгін мемлекеттер арасындағы Салық саласындағы келісімге қол қою рәсімінен кейін ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев осылай атап көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, бүгінгі күні Испания-Қазақстан арасындағы тауар айналымы шамамен 750 млн. еуроны құрап отыр.
«Испандық тарап еліміздің көлік саласындағы жобаларға инвестиция салуға ниеттеніп отыр. Сіздер білесіздер, біздің елде испандық «Тальго» вагондары пайдаланылуда. Бүгін теміржол құрамдарын жөндеу, оларға қызмет көрсету бағытындағы келісімдер қайта қаралды», деді Б.Жәмішев.
«Ал Қазақстан тарапы еліміздің экономикасына Испания инвестицияларын тарту және шетелдік капитал үлесін арттыруды көздейді. Сол мақсатта бүгін қосарланған салық салуды болдырмау бойынша екіжақты келісім жасалды. Бұл құжат мемлекетаралық экономикалық қарым-қатынастардың дамуына серпін береді», деп атап көрсетті ол.