Испания соты М. Әбіләзовтің жеке күзетінің басшысын Қазақстанға экстрадициялау жөнінде шешімін қуаттады

Испания соты шілде айында Қазақстан билігінің Павловты экстрадициялау жөніндегі өтінішін қанағаттандыру туралы шешім шығарған. Павлов 2012 жылдың желтоқсан айында осында келіп, сол жерде ұсталған болатын. Сот шешімімен келіспеген оның қорғаушысы шағым түсірді. Оның айтуынша, Павловтың Әбіләзовпен байланысы бар болғандықтан Қазақстанда оны қудалауы мүмкін. Арада үш ай өткенде Испания соты шағымды қанағаттандырмау жөнінде шешім шығарды. Үкімет бұл шешімді мақұлдаған соң Павловты Қазақстанға экстрадициялау мүмкін болады.
Терроризм бойынша және алдау жолымен БТА банктен 22,5 миллион еуро несие алды деп айыпталып отырған Павлов қазақстандық БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбіләзовтің сенімді өкілі және күзет басшысы ретінде танымал.
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметтері бойынша, 2012 жылғы 24 наурызда Алматыда Павловтың ұйымдастыруымен орын алуы тиіс болған бірнеше лаңкестік әрекеттерге тосқауыл қойылды. Ол 2009 жылдан бері шетелде жасырынып жүр. Бас прокуратураның ақпаратына сәйкес, 2005 жылдан бастап Павлов Әбіләзовтің жеке күзетін басқарған және оның жеке тапсырмаларын орындаған. Қадағалаушы органның мәліметтерінше, Павлов Әбіләзовқа БТА банктен қаржы жымқыруға көмектескен, ал 2009 жылдың ақпан айында Әбіләзовтің жеке мұрағаттары мен банктің корпоративті бизнес басқармасы компьютерлерінен ақпарат ұрлауды ұйымдастырып, Ұлыбританияға қашып кеткен.
2010 жылдың сәуір айында Павловқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, 2010 жылдың тамызында оған іздеу жарияланды.
Мұхтар Әбіләзов 31 шілде күні Францияда ұсталды. Қазіргі таңда Экс-ан-Прованстың апелляциялық соты оны экстрадициялау мәселесін қарауда. Банкирді экстрадициялау мәселесімен үш ел айналысуда. Айта кетейік, Қазақстан мен Франция арасында экстрадиция туралы келісім жасалмаған, Ресей үшін белгілі бір шектеулер бар. Сондықтан да бірінші кезекте Әбіләзов Украинаға берілуі ықтимал.