Испанияның Трамптың сынынан соң АҚШ-қа қолдау көрсетуге келіскені рас па
АСТАНА. KAZINFORM - Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт Испанияның америкалық әскерлермен ынтымақтастық орнатуға келіскенін мәлімдеді, деп хабарлайды BBC.
Дональд Трамп бұған дейін Испания АҚШ-қа Иранға қатысты операция аясында өз әскери базаларын пайдалануға тыйым салғаннан кейін елмен барлық сауданы тоқтататынын айтып, қоқан-лоқы жасаған. Ливиттің айтуынша, Испания Трамптың «жолдауын» түсінді.
Алайда Испания сыртқы істер министрлігі Ливиттің мәлімдемесінен кейін испан билігінің ұстанымы өзгермегенін хабарлады.
— Мен қандай да бір өзгерістерді үзілді-кесілді жоққа шығарамын. Базаларды пайдалану мәселесі бойынша да, Таяу Шығыстағы соғыс бойынша да, Иранды бомбалау мәселесі бойынша да біздің ұстанымымыз мүлде өзгерген жоқ, — деді Испания СІМ басшысы Хосе Мануэль Альбарес Cadena SER радиостанциясына берген сұхбатында.
Бұған дейін Испания премьер-министрі Педро Санчес Испания үкіметінің ұстанымын «соғыс жол бермейміз» деген сөзбен сипаттауға болатынын мәлімдеген.
Ол өткеннің қателіктерін қайталамауға шақырды.
Оның айтуынша, 2003 жылғы Иракқа басып кірудегі алға қойған мақсаттар орындалған жоқ, бірақ өңірде тұрақсыздық туғызып, тұрғындардың өмірін нашарлатты.
Санчес Иранға жасалған шабуылдар миллиондаған қарапайым адам үшін осы тектес экономикалық салдарға әкелуі мүмкін екенін айтып, Испания үкіметі бұған қарсы шараларды қарастырып жатқанын мәлімдеді.
Осыған дейін Испанияның АҚШ тарапынан жасалған қоқан-лоқыға жауап бергені туралы жаздық.