Испания Валенсиядағы су тасқынынан зардап шеккен мигранттарға елде тұруға рұқсат береді
АСТАНА. KAZINFORM — Испания үкіметі Валенсиядағы су тасқынынан зардап шеккен 25 мың мигранттың елде заңдастырылуын жеңілдету үшін оларға бір жыл тұруға және жұмыс істеуге рұқсат береді, деп хабарлайды Еuronews.

Сейсенбі күнгі Министрлер Кеңесі бекіткен төтенше шара зардап шеккен елді мекендерде, атап айтқанда Валенсия қауымдастығында заңсыз тұратындар үшін процесті жеңілдетуге бағытталған.
Бұл — 29 қазанда 227 адамның өмірін қиған және көптеген үй мен кәсіпорындарды қиратқан апаттан кейін қалпына келтіру жоспарының бір бөлігі.
Министрліктің хабарлауынша, толассыз жауған жауын салдарынан туындаған хаос көптеген мигранттың Испанияда заңды тұруына, оқуына және жұмыс істеуіне қажетті талаптарды орындай алмауына себеп болды. Сол сияқты, көптеген жұмыс берушілер шетелдік жұмысшыларды жалдау үшін барлық қажетті бюрократиялық процедуралардан өте алмады.
Сонымен қатар, су тасқыны кезінде отбасы мүшелерінен айырылған шетелдіктер бес жылға елде тұруға рұқсат алады.
Басқа еуропалық елдер миграция саясатын күшейткенімен, Испания экономикалық өсу мен жұмыс орындарын құрудың негізгі факторы ретінде шетелдік жұмысшылардың маңыздылығын баса көрсетуді жалғастырып жатыр.
Бұдан бұрын Валенсияда 25 мың адам наразылық шеруіне шығып, үкіметтің отставкаға кетуін талап еткенін жазған едік. Аймақ басшысы Карлос Мазон мен оның үкіметі жүздеген адамның өмірін қиған су тасқынында дер кезінде әрекет жасамады деп айыпталды.