Испания жағалауында қайықтан табылған босқындар арасында 7 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM —Сейсенбі күні таңертең Гран Канария аралынан оңтүстікке қарай 140 км жерде табылған мигранттар тиелген қайықта 7 адам қаза тауып, тағы 12 адам ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы Испанияның теңіз құтқару қызметі хабарлады. Бұл туралы Синьхуа агенттігі жазды.

Қайықты дүйсенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00 шамасында сауда кемесі байқап, құтқару қызметіне хабарлаған. Көмекке 2 тікұшақ пен құтқару кемесі жіберілді.
Қайықтан 2 босқынның мәйіті табылды, 34 адам аман қалды, оның ішінде 27 ер адам және 7 әйел. Олар Сахараның оңтүстігіндегі Африкадан шыққан. Аман қалғандардың айтуынша, Африканың солтүстік-батыс жағалауынан қауіпті теңізден өту кезінде бес адам қаза тауып, олардың денесі мұхитқа тасталған.
Канар аралдарының төтенше жағдайлар қызметі мен Қызыл Крест аман қалғандарға көмектесу үшін жағалауда орталық құрды. 24 жастағы екі ер адам ауыр халде.
6 наурызда Иерро аралының оңтүстік жағалауында тағы бір мигранттар қайығы табылды. Борттағылардың ішінде 5 адам қаза тауып, тағы 15 адам ауруханаға жеткізілді.
Солтүстік-Батыс Африкадан Канар аралдарына дейінгі мигранттар жолы әлемдегі ең қауіпті жолдардың бірі. Бұл жолда жыл сайын бірнеше мың адам қаза табады.