Испанияда аптап ыстықтан 1060 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың шілде айында Испанияда күн сайынғы өлім-жітім мониторингі жүйесінің (MoMo) мәліметі бойынша аптап ыстықтан 1 060 адам қайтыс болды, деп хабарлайды Kazinform Euronews-ке сілтеме жасап. 

Испанияда аптап ыстықтан 1060 адам қаза тапты
Фото: EFE

Бұл көрсеткіш 2024 жылдың шілде айымен салыстырғанда 57%-ға және 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54,5%-ға өсті. Жыл басынан бері жоғары температурадан 3 255 адам қайтыс болды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен (2 534 адам көз жұмған) айтарлықтай жоғары. Ал жаз әлі біткен жоқ. 

– Пиреней түбегінің көп бөлігінде осы аптада жаздың екінші аптап ыстық толқыны басталады деген болжам жасалды. Ол кем дегенде келесі жексенбіге дейін созылады, - деп хабарлайды Мемлекеттік метеорология агенттігі (Aemet). 

Жоғары температура денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіреді. Ал тамыздағы алғашқы аптап ыстық толқынынан дүйсенбі күні Бадахоста 85 жастағы ер адам қайтыс болды. 

5 тамыз күні Бадахос немесе Яен сияқты аудандарда температура 42°C-қа жетуі мүмкін. Аталған жағдайға байланысты 9 автономиялық қауымдастықта сары немесе қызғылт сары дабыл деңгейі жарияланды. Ірі қалаларда ауа температурасы 38°C-қа дейін көтеріледі. Жоғары температура тамыз айының ортасына дейін сақталады. 

Еске салсақ, бұған дейін Жапонияда апта ішінде аптап ыстықтан 18 адам қайтыс болғанын хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар