Испанияда Димаш жанкүйерлерінің кешінде шетелдегі қазақ балаларының суреттер көрмесі өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Мадридте Димаш Құдайбергеннің DIMASH әлемдік туры аясында өткен жанкүйерлер кешінде шетелде тұратын қазақ балаларының шығармашылығы көпшілік назарына ұсынылды. «Отандастар қоры» ұйымдастырған «Қазақстан – менің көзіммен» халықаралық байқауының көрмесіне тоғыз елде тұратын балалардың туындылары қойылды.

с
Фото: Отандастар қоры

Көрмеге Жапония, Нидерланд, Біріккен Араб Әмірліктері, Грузия, Катар, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан және Қырғызстанда өсіп жатқан қазақ балаларының жұмыстары қойылды.

Отандастар қоры көрмені Мадридтегі қазақ мәдени орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. Шараға 500-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында Димаштың өнерін тамашалау үшін әлемнің түкпір-түкпірінен Испания астанасына келген жанкүйерлер, Еуропаның 20-ға жуық елінен келген қазақ диаспорасының өкілдері мен Испаниядағы отандастар болды.

«Қазақстан – менің көзіммен» байқауына қатысқан балалар туған елін өз пайымымен бейнелеген. Бірі қазақ даласының табиғатын, енді бірі ұлттық дәстүр мен мәдени мұраны сурет арқылы жеткізген.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің мақсаты – Қазақстанның мәдениеті мен ұлттық өнерін шетелде таныту, сондай-ақ қазақ мәдени орталықтарының байланысын нығайту.

Жанкүйерлер кешінің бағдарламасы қазақтың дәстүрлі өнері мен испан мәдениетін тоғыстырды. Кеш жас домбырашылар Әлинұр мен Әлихан Амангелділердің орындауындағы «Балбырауын» және «Ер-Тұран» күйлерімен ашылды.

Севилья қаласындағы El Boti фламенко мектебінің бишілері қазақтың «Ақерке» халық әніне фламенко мәнерінде қойылым ұсынды. Ал «Наз» мемлекеттік би театрының әртістері «Шашу», «Қалыңдық биі», «Аққу», «Шернияз» және «Самғау» билерін орындады.

Балаларға арналған бағдарламада «Тәтті ертегі» жобасы аясында жарық көрген «Шахматшы Қонжық» кітабы таныстырылды. Сонымен бірге Tildes KZ сөйлесу клубының жұмысы туралы ақпарат берілді.

Бұған дейін Димаш Құдайберген Анкарада түркі әлемінің өнер жұлдыздарымен бір сахнада өнер көрсеткен еді.