Испанияда құрылысшы тапшылығы 600 мың тұрғын үйдің жетіспеуіне алып келді

АСТАНА. KAZINFORM — Испаниядағы тұрғын үй дағдарысы жағдайында ел бойынша бір шаршы метрдің орташа бағасы 2438 еуроға дейін өсіп, тарихи максимумнан асып түсті, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Испания
Фото: Азертадж

Осындай жағдайда тұрғын үй тапшылығы ел экономикасының өсуіне басты қозғаушы факторлардың біріне айналып отыр.

Испаниядағы құрылыс саласында жұмыс күшінің тапшылығы 2020 жылдан бері екі есеге артқан, бұл өз кезегінде тұрғын үй жетіспеушілігіне себеп болды. ABC басылымының жазуынша, Испания банкі 2025 жылы тұрғын үй тапшылығы 600 мың үй бірлігіне жетеді деп болжайды.

BBVA Research компаниясының «Құрылыс жұмысшылары: себептері мен салдары» атты баяндамасында тұрғын үй құрылысы 2020 жылдан бері құрылыс саласындағы жұмысшы қолдарының тапшылығының екі есе өсуі мен құрылысқа жарамды жер учаскелерінің жетіспеушілігі сияқты мәселелерге тап болғаны атап өтілген.

Құрылысшылар бұл саладан жаппай кетіп жатыр: бір бөлігі қызмет бағытын өзгертуде, енді бірі ерте зейнетке шығуда. 2024 жылғы деректерге сәйкес, құрылыс саласындағы жұмысшылардың небәрі 10%-ы ғана 30 жасқа дейінгі азаматтар болса, 35%-ы 45 пен 54 жас аралығындағы адамдарды құраған.

Сапалы жұмысшы күшінің тапшылығынан бөлек, құрылысқа арналған жердің де жетіспеушілігі байқалады. Сарапшылар жердің қолжетімділігі мәселесін өткен жылдың ақпанында Конгресстің жер реформасын қайтадан қабылдамауымен байланыстырады. Бұл проблемалардың қатарында салаға қатысты шамадан тыс реттеулер бар, олар Испанияны қамтыған тұрғын үй дағдарысының әсерін жеңілдетуге қажетті мыңдаған құрылыс жобаларының іске асуына кедергі келтіріп келеді.

BBVA Research компаниясының бас экономисі Мигель Кардосоның айтуынша, егер құрылыс саласындағы өнімділіктің тоқырауы жалғаса берсе, тұрғын үй бағалары өсуді тоқтатпайды. Оның сөзінше, бұл бағаның қашан шегіне жететінін нақты болжау әзірге мүмкін емес.

Бұдан бұрын Испанияда аптап ыстық соңғы екі айда 1180 адамның өмірін жалмағын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар