Испанияда пойыз апатына байланысты үш күндік аза тұту жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Испанияның премьер-министрі Педро Санчес елдің оңтүстігіндегі пойыз апатынан кейін үш күндік аза тұту жариялады, деп хабарлайды Euronews.
Испанияның премьер-министрі Педро Санчес көлік министрі Оскар Пуэнте және Андалусия үкіметінің төрағасы Хуанма Мореномен бірге Кордова провинциясындағы Адамус муниципалитетіне барды. Бұл жерде кемінде 39 адамның өмірін қиған теміржол апаты орын алған.
Қала әкімі Рафаэль Анхель Морено ең алғашқы сәттен бастап барлық зардап шеккендерге көмек көрсетілгенін атап өтіп, сондай-ақ қол ұшын берген тұрғындарға да алғыс білдірді.
Андалусия үкіметінің төрағасы да Адамус тұрғындарының ынтымақ-бірлігін ерекше атап өтіп, барлық андалусиялықтардың атынан ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар ол билік органдары мен төтенше қызметтер арасындағы іс-қимылдардың үйлесімді ұйымдастырылғанын оң бағалады.
«Біз бәріміз қаза тапқандарды табу және анықтау үшін жұмыс істеп жатырмыз. Алда әлі ұзақ уақыттық жұмыс тұр, соған қарамастан біз жалғастыра береміз. Бұл оқиға Андалусияның барлық тұрғынының жүрегін сыздатты. Алдымызда ұзақ жол бар, бірақ біз бірге болсақ, міндетті түрде алға жылжимыз», деп түйіндеді Рафаэль Анхель Морено.
Өз кезегінде Педро Санчес бұл күнді бүкіл ел үшін, әсіресе қаза тапқандардың отбасылары үшін қайғы күні деп атады.
Еске сала кетсек, кеше Испанияда жоғары жылдамдықты екі пойыз рельстен шығып, 21 адам қаза тапты. Кейінірек адам шығына 39-ға жетті.