Испанияда жарылыс болып, полиция қызметкері қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Испанияның солтүстігіндегі Овьедо қаласында болған жарылыстан полиция қызметкері қаза тауып, тағы біреуі ауыр жарақат алды. Бұл туралы Синьхуа агенттігі хабарлады.

Испанияда жарылыс болып, полиция қызметкері қаза тапты
Фото: pexels.com

EFE агенттігінің мәліметінше, полицейлер Вильяфрия ауданындағы тұрғын үйлердің бірінен жарылғыш құрылғы салынған рюкзак тапқан. Олар бұған дейін әйел адам зардап шеккен атыс туралы хабар түскен соң оқиға орнына барған.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмыс істеп жатқан кезде жарылғыш құрылғы іске қосылған. Салдарынан кинологиялық бөлімшенің полицейі қаза тапты. Ал жарылғыш затты залалсыздандырумен айналысқан сапер бір аяғынан айырылып, ауыр халде ауруханаға жеткізілді.

Испания полициясы атысқа қатысы бар күдіктіні іздестіріп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша оның қаруы болуы мүмкін.

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Бұған дейін Түркиядағы зауыт жарылысынан 17 адам қаза тауып, алты күдікті ұсталған болатын.