Испанияда жеке деректерді жария еткені үшін айыпталған бас прокурор тергеуге алынды

АСТАНА. KAZINFORM — Испаниядағы прокурорлар қауымдастықтары елдің бас прокуроры Альваро Гарсиа Ортистен отставкаға кетуін талап етіп жатыр, деп жазды AZƏRTAC.

Испанияда жеке деректерді жария еткені үшін айыпталған бас прокурор тергеуге алынды
Фото: Pixabay.com

Бұл талап оған осы аптада құпия ақпаратты жариялады деген ресми айыптаудан кейін қойылып отыр. Бұл ақпарат оппозиция жетекшісінің әріптесіне қатысты іс материалынан алынған.

AZƏRTAC хабарлауынша, Гарсиа Ортис 2022 жылдың тамызынан бастап Испанияның бас прокуратурасын басқарып келеді. Алайда маусым айының басынан бері ол тергеуге алынған, өйткені ол журналистерге бизнесмен Альберто Гонсалес Амадорға қатысты тергеу материалдарындағы жеке хат алмасу деректерін берген деген күдікке ілінген. Амадор — Мадридтегі Халық партиясының жетекшісі Изабель Диас Аюсоның серіктесі. Оған салық төлеуден жалтару сондай-ақ құжаттарды қолдан жасау баптары бойынша айып тағылуы мүмкін.

Прокурорлар қауымдастығының президенті Кристина Дексейус Euractiv агенттігіне:

— Гарсиа Ортис отставкаға кетіп, өзін жай азамат ретінде қорғауы керек. Қызметінде қалуы прокуратураның беделіне елеулі зиян келтіреді, — деді.

Испанияның Тәуелсіз прокурорлар қауымдастығы (APIF) елдің Жоғарғы сотынан Гарсиа Ортисті уақытша қызметінен шеттетуін ресми түрде сұрады. Жоғарғы сот бұл сұранысқа байланысты Бас прокуратураның пікірін сұратқанын Servimedia хабарлады.

Сонымен қатар, Гарсиа Ортис бұрын мүше болған прогрессивті прокурорлар қауымдастығы (UPF) мәлімдеме жасап, оған тағылған айыппен «батыл келіспейтінін» білдірді.

Бұған дейін хабарланғандай, Испанияның Барселона қаласы билігі мен жергілікті порттың басшылығы 2030 жылы круиздік терминалдар санын 7-ден 5-ке дейін қысқарту туралы шешім қабылдаған.

Соңғы жаңалықтар