Испаниядағы орман өрті рекордтық деңгейге жетті

АСТАНА.KAZINFORM - Испанияда 343 000 гектардан астам, яғни жарты миллионға жуық футбол алаңына тең келетін орман өртеніп кетті.

Пожары в Испании: выгорела рекордная площадь земли
Фото: Anadolu

Ал Испанияның солтүстік-батысындағы Кастилия-Леон автономиялық қоғамдастығында жүздеген адам наразылық шерулеріне шықты. Тұрғындар биліктің ірі өртке қарсы әрекетіне наразы.

Леон қаласының мыңға жуық тұрғыны осы дүйсенбіде Кастилия-Леон аймақтық үкіметінің қоршаған ортаны қорғау министрі Хуан Карлос Суарес-Квиньестің орман шаруашылығы саясатына байланысты отставкаға кетуін талап етіп жиналды.

Жергілікті телеарна сонымен бірге наразылық білдірушілер аймақ президенті Альфонсо Фернандес Маньюэконың өрттің алдын алу және сөндіру қызметіндегі жұмысының нашарлығына байланысты отставкаға кетуін талап еткенін атап өтті.

Митинг төтенше өрттер ауыл-аймақтарды шарпып, мал, омарта және орман шаруашылығына зиянын тигіззіп, үйлерді қиратып, тіпті адам өліміне әкеліп жатқанда, яғни төтенше жағдайда өтті. Сонымен қатар, сейсенбіде өртке қарсы жаңа талаптар жарияланды.

Қазіргі өрт толқыны салдарынан Испанияда тіркелген төрт өлімнің үшеуі Леонда болды.

Испания премьер-министрі Педро Санчес өрттерді климаттың өзгеруімен байланыстырды.

-Төтенше климаттық жағдайдың салдары күшейіп, жеделдеп, отандастарымыздың өміріне көбірек әсер етіп жатқаны туралы ғылыми дәлелдер бар, - деді ол.

Сондай-ақ, ол өрт қоюшылар қатаң жазаланатынына уәде берді.

- Өрт тудырғандар жазасыз қалмайды: олар міндетті түрде жауапқа тартылуы керек, - деді ол.

Испания сондай-ақ Словакия, Франция, Италия және Германия билігіне көмектері үшін алғысын білдірді.

Осыған дейін орман өрті Испанияның 50-ден астам өңірін шарпығаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар