Испаниядағы турнирде Махмұд Сабырхан алтынға таласады

АСТАНА. KAZINFORM - Испанияның Ла-Нусия қаласында өтіп жатқан бокстан Boxam Elite-2026 турнирінде Махмұд Сабырхан (55 келі) финалға жолдама алды.

Махмұд Сабырхан екі дүркін әлем чемпионы атанды
Фото: ҰОК

Қазақстандық боксшы финал жолдамасын үндістандық Сингх Манденгбан Джадуманимен сарапқа салған еді. 

Жекпе-жек барысында отандасымыз қарсыласына ешқандай мүмкіндік берген жоқ. Нәтижесінде төрешілердің бірауыздан шешімімен қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсті.

Махмұд Сабырхан 2001 жылы дүниеге келген. Қазірге дейін 2023 жылы әлем чемпионы болса, 2021 жылы күміс жүлдегер атанды. 2024 жылы Азия чемпионы атағын жеңіп алса, 2022 жылы құрлықтық додада екінші орын алды.

Қыркүйек айында Махмұд Сабырхан Ливерпульдегі әлем біріншілігінің алтын медалін иеленді.

Отандасымыз World Boxing ұйымы жариялаған байқауда жылдың үздік боксшы атағына ие болды.

Айта кетсек, бұдан бұрын Испаниядағы турнирде Санжар Тәшкенбай (50 келі) финалға жолдама алды.

Бүгін Испаниядағы турнирде қазақстандық 17 боксшы жартылай финалда сынға түсуге мүмкіндік алды.

Қазірге дейін ел құрамасынан Назерке Серік (65 келі), Панар Сейітханқызы (80 келі), Умида Садықова (80 келіден жоғары) финалға шықса, Элянұр Тұрғанова (48 келі), Нұрзат Оңғаров (50 келі), Гүзал Садықова (80 келі) қола жүлдені місе тұтты.

Соңғы жаңалықтар