Испаниядағы медиацияның сипаты қандай?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Испаниядан келген медиация маманы, Гранада университетінің профессоры, ҚХА сыртқы сарапшысы Антонио Лозано өз еліндегі медиацияның жай-күйі жайлы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, көптеген дау-шарларды шешуде медиацияның маңызы зор.
None
None

Испан елінде медиация отбасылық дау-жанжалды шешуге жиі қолданылады. «Дегенмен басқа салалар да шет қалып жатқан жоқ. Еңбек, қылмыстық-құқықтық дауларда және тұтынушы құқықтары бұзылған жағдайларда медиация кеңінен қолданыс тапқан», - дейді профессор.

Профессордың сөздерін Испанияда медиация тренері біліктілігін меңгеріп қайтқан медиатор Жангелді Жақыпов та қуаттай түсті. «Мәселен, сотқа немесе кез келген мемлекетке шағымданар алдында екі тарап әуелі медиатормен 45 минуттай отырып, әңгімелеседі. Егер одан да нәтиже болмаса, олар сотқа барар алдында медиатордан «екі тарап бітімге келмеді» деген мағынада ресми анықтама алып баруға тиіс. Ондай анықтама әкелмесе, құзырлы орган шағымын қабылдамайды», - дейді ол.

Испаниядағы тергеу мекемелерінің бәрінде мамандандырылған медиаторлар кабинеті бар. Оның ішінде тек дауласушы екі тарап пен медиатор ғана болады. Олар белгілі бір бітімге келмейінше, полиция қызметкерлеріне онда кіруге тыйым салынған. Олар тек сыртқы әйнек қабырғадан қарап, қос тараптың өкілдерін бақылай алады. Бірақ дауыстарын ести алмайды.

Медиация Испан жерінде ең алғаш өткен ғасырдың 80 жылдары Мадрид пен Барселонада пайда болған. Ал заңдық тұрғыда тек 1998 жылы неке қатынастарында медиацияға жүгінуге рұқсат етілді. Ал, 2001 жылы Каталония автономиясы бірінші рет отбасы медиациясы жөнінде заң қабылдады. Оның артынан елдің басқа аймақтары да медиацияны заңдық тұрғыда бекітуді бастады.

Испан заңына сәйкес, тараптар судьяға процесті тоқтату жөнінде өтініш айта алады. Олар медиаторға жүгінетін болса, судья сот үдерісін тоқтатады. Екі жақ келісімге келген болса, олардың бітімі жайлы арнайы құжат жасалып, ол судьяға ұсынылады. Судья бұл құжатты растауға тиіс.

Испандық медиаторлар әділет министрлігінен аккредитациядан өткен кәсіби мекеме құрамында болады. Үміткерлер медиатор болу үшін 400-500 сағаттық біліктілік курсынан өтеді. Оларға тәжірибелі медиаторлар, судьялар, психологтар, заңгер ғалымдар мен педагог мамандар сабақ береді. Бір ескеретіні - судьялардың медиатор болуға қақысы жоқ.

Еңбек дауларын шешуде Испанияда ерекше үлгі қалыптасқан. Сотқа жүгінген талап арыз берушілерге әуелі екі рет татуласуға мүмкіндік беріледі. Міне, сол жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы қарым-қатынасты реттеуде Андалусия автономиясында мынадай шара қолданылады. Медиация процесін жүргізу үшін комиссия құрылып, оның құрамына жұмыс берушілер одағынан екі адам, кәсіподақтан екі адам және хатшы кіреді. Бұл комиссия көптеген дауларды тиімді шеше білді. Аталмыш жүйе қабылданған алғашқы 7 жылда 3500 еңбек даулары қарастырылып, 350 мың жұмыс беруші мен 3 млн жұмысшының мәселесі оңтайлы шешілген.

Антонио Лозаноның айтуынша, Испанияның көптеген университеттерінде медиатор мамандығын бакалавриат негізінде меңгеріп шығуға болады.

«Қазақстанда медиация саласы өз ретімен жақсы дамып келеді. Әрине, өзге тәжірибелі елдерден үйренері де көп. Дегенмен, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгергенін атап өткен жөн. Қанша ел болса, медиацияның сипаты да әрқилы болады», - дейді профессор.

Жанат Қапалбаева

Соңғы жаңалықтар
Референдум