Испаниядан есірткі тасымалдаған қазақстандық 16 жылға сотталды
АСТАНА. KAZINFORM – Биылғы ақпанда көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері арнайы операция барысында елордаға Испаниядан жеткізілген ірі есірткі партиясының жолын кесті, деп хабарлайды Kazinform.

Жедел-іздеу іс-шараларының барысында Астананың пошта байланысы бөлімшелерінің бірінде оралған зат табылған. Сараптама оның 700 грамнан көп каннабис шайыры екенін анықтады.
Есірткі желісінің 23 жастағы курьері затты алу кезінде, яғни қылмыс үстінде ұсталды. Оның тұратын жерін тексеру кезінде есірткіні орауға арналған заттар, таразы сонымен қатар құпия орындарға жасыру арқылы есірткіні ұзақ уақыттан бері саудалап жүргенін растайтын бейнежазба табылды.
Тергеу барысында анықталғанындай, ұсталған адам құпия мессенджерлер арқылы есірткіні бөлшектеп, Астана аумағында саудалаумен айналысқан.
Көлік полициясы есірткінің халықаралық тасымал жолын жойды. Мамыр айында сот айыпкерді кінәлі деп тауып, 16 жылға бас бостандығынан айырды.
Бұрын математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген азаматтың есірткі тасымалдап, ұсталғаны туралы жаздық.