Испаниялық теннисші Надаль Ролан Гаррос турнирін 13 мәрте ұтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемнің 2-ракеткасы, испаниялық Рафаэль Надаль Ролан Гаррос турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Р.Надаль финалда әлемнің 1-ракеткасы, сербиялық Новак Джоковичпен бас жүлдені сарапқа салды.

Испаниялық теннисші бұған дейін «Үлкен дулыға» турнирін 19, соның ішінде «Ролан Гаррос» жарысын 12 мәрте ұтқан болатын. Сарапшылардың оны топырақ төсенішінде өтетін додалардың королі, теннис тарихындағы үздік ойыншы деп санауы тегін емес.

Н.Джокович «Үлкен дулыға» жарыстарында 17 рет топ жарды. Дегенмен ол Франция ашық чемпионатында бір-ақ рет жеңімпаз атанды.

Осыған дейін қарсыластар 55 мәрте өзара кездессе, соның 29-ында 33 жастағы Новак жеңіске жетті. Одан бір жасқа үлкен Надаль 26 жеңісінің көпшілігін топырақ төсенішінде қол жеткізді. Жалпы, бұл бәсекені алыптар шайқасы деуге болады.

Бірінші партияда испаниялық теннисші сербиялықтың бірде-бір гейм алуына мүмкіндік берген жоқ – 6:0. Мұндай есеп мықтылар арасында өте сирек кездеседі.

Екінші сетте де Р.Надаль айқын басымдылық танытты – 6:2.

Үшінші партияда есеп 2:2 болған мезетте Надаль брейк жасағанымен, Джокович сол бойда қарымта қайырды – 3:3. Бұл Новактың матчтағы алғашқы брейгі еді. Есеп 5:5 болғанда, Надаль қарсыласы қателесіп, жетінші брейгіне қол жеткізді – 6:5. Содан кейін матчты эйспен түйіндеді – 7:5.

Финалдық жекпе-жек 2 сағат 42 минутқа созылды.

Осылайша Р.Надаль Ролан Гаррос турнирінің 13 дүркін чемпионы атанып, «Үлкен дулыға» жарыстарындағы жеңісі (20) жөнінен швейцариялық Роджер Федерермен теңесті.

Қазақстандықтар Александр Бублик пен Михаил Кукушкин Франция ашық чемпионатында екінші айналымнан аса алмады. Енді олар 12 қазан күні басталатын Санкт-Петербург АТР 500 турнирінде бақ сынайды. А.Бублик бастапқы кездесуін америкалық Маккензи Макдональдпен, М.Кукушкин сербиялық Миомир Кецмановичпен өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бублик пен М.Кукушкиннің Санкт-Петербург турниріндегі қарсыластары анықталғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар