Ыстанбұл-Ақтөбе рейсінің жолаушылары бүгін Ақтауда түнейді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбедегі әуежай қалың тұман салдарынан әлі жабық. Сондықтан жолаушылар Ақтаудағы қонақүйге орналастырылады.

Ақтау әуежайы
Фото: БҚДА

Ыстанбұл-Ақтөбе бағытындағы PC240 әуе рейсі Ақтауға аман-есен қонды. Әуе компаниясы рейс жолаушыларын қонақүйге орналастырып, кейін Ақтөбеге жеткізуге уәде берді.

Ақтау әуежайының хабарлауынша, қазір бортта 16 жолаушы бар. Олар әуе кемесінен ешқайда кетпейтінін айтқан.

— Әуе компаниясының өкілдері Ақтау-Ақтөбе рейсіне билет рәсімдеп жатыр. Рейс ертеңге жоспарланған. Билет рәсімделген соң жолаушылар бортты босатады деп күтіліп отыр. Қазір әуежай штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Ақтауға бағытталған барлық рейсті қабылдай алады, — деп хабарлады Ақтау әуежайы ресми сайт арқылы.

Айта кетейік, Ақтөбеде қалың тұман әлі сейілмей тұр. Бүгін халықаралық және ішкі рейстер кейінге шегерілді. IQ 399/400 және DV719/720 рейстері Атырауға, Ыстанбұл-Ақтөбе-Ыстанбұл бағытындағы РС 240/241 рейсі Ақтауға жіберілді. 

Соңғы жаңалықтар