Ыстанбұл маңындағы зілзала: Қазақстан азаматтарынан өтініш түскен жоқ
АСТАНА. KAZINFORM — Түркия билігінің ақпараты бойынша, 23 сәуірде Ыстанбұл маңында магнитудасы 6,2 балл жер сілкінісі орын алып, артынан афтершоктар жалғасуда.

- Қазіргі уақытта Түркия аумағындағы Қазақстан азаматтарынан Ыстанбұл қаласындағы ҚР Бас консулдығына өтініштер түскен жоқ. ҚР Сыртқы істер министрлігі Түркия билігімен және Қазақстанның Түркиядағы дипломатиялық өкілдіктерімен бірлесіп ахуалдың дамуын қадағалауда, - деп жазды ҚР СІМ-нен.
Соңғы дерекке қарағанда, Ыстанбұл қаласындағы ҚР Бас консулдығының консулдық есебінде 1137 Қазақстан азаматы тіркелген.
- Отандастарымызды сабырлық және қауіпсіздік шараларын сақтауға, сондай-ақ жергілікті билік органдарының нұсқауларын мүлтіксіз орындауға шақырамыз, - дейді ведомстводағылар.
Бұған дейін Ыстанбұлда жүрген отандасымыздың жер сілкінісі жайлы айтқанын жаздық.
— Сауда үйінде жүр едік, 6,2 балл жер сілкінісі болып, ғимарат дірілдеп кетті. Жүрген жұрттың бәрі жапатармағай далаға ұмтылды. Енді далада жүрміз, — дейді Абай.