Ыстанбұлда алкогольден уланып, көз жұмғандар саны 38 адамға жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Түркияның ең ірі мегаполисінде алкогольден уланғандар саны артып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қазіргі уақытта қалалық ауруханаларға 92 адам емделуге жүгінді, олардың 38-і дәрігерлердің күш салғанына қарамастан қайтыс болды. Зардап шеккен тағы 26 адам жансақтау бөлімінде жатыр және жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Ыстанбұлдың Гюнгерен, Бейоғлы, Бакыркей және Башакшехир аудандарында жалған спирттен улану оқиғалары тіркелді. Онда зардап шеккендер ауыр улану белгілерімен ауруханаларға жеткізілді.
Алдын ала мәлімет бойынша, жасанды алкогольдің құрамында болған метанолдың улы әсерінен улану күдігімен ауруханаға жатқызылған 88 адамның 38-і қайтыс болды. Қайтыс болғандар арасында Түркияның өкілдері мен Өзбекстанның 6 азаматы бар.
Соңғы жылдары елде жалған алкогольден улану оқиғалары жиілеп кетті. Сарапшылар мұны заңды алкоголь бағасының қымбаттауымен байланыстырады. Соның салдарынан кейбір адамдар арзанын сатып алуға барады.
Жергілікті билік қауіпті алкогольді таратудың барлық көзін анықтау үшін тексеруді күшейтіп, тергеу жұмыстарын бастады. Полицейлер рейд жүргізіп, өнім өндіруге және сатуға қатысы бар күдіктілерді ұстау үстінде.
Ыстанбұлда құқық қорғау органдары тоғыз күдіктіні ұстады. Олардың үшеуі жауап бергеннен кейін босатылды, алтауына қатысты тергеу жалғасып жатыр.
Жалпы, соңғы бірнеше күнде полицейлер 32 862 литр заңсыз метил және этил спиртін тәркіледі. Тәркілеу Сұлтанғази, Фатих, Бакыркей, Кючукчекмедже, Чаталджа, Эсеньюрт, Зейтинбурну және Бейкоз аудандарында болды. Жедел іс-шаралар барысында сондай-ақ 227 бөтелке контрафактілік алкогольдік сусын мен оны айдайтын жабдық анықталды.
Түркияда жалған алкогольден зардап шеккендер саны әлі артып, соңы қайғылы жағдайға ұласып отырғанын жазған болатынбыз.