Ыстанбұлда ИЫҰ СІМ кеңесінің 51-сессиясы өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – 21-22 маусымда Түркияның Ыстанбұл қаласында «Өзгермелі әлемдегі Ислам ынтымақтастық ұйымы» тақырыбымен Ислам ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің 51-сессиясы өтеді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

– Сессия жұмысына Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған ресми делегация қатысады, – деді Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, іс-шара аясында ислам әлеміндегі қазіргі саяси ахуал, ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ сауда-экономикалық, мәдени және гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері қарастырылады.
– Сонымен қатар халықаралық қауіпсіздік пен қарусыздану саласындағы бастамаларды ілгерілету, исламофобия мен діни құндылықтарды қорлауға қарсы күрес тақырыптарына ерекше назар аударылатын болады, – деп нақтылады ресми өкіл.
Айбек Смадияровтың айтуынша, күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – Ұйымның институционалдық реформасын жалғастыру және қазіргі геосаяси жағдайда оның тиімділігін арттыруға бағытталған нақты шараларды талқылау болмақ.
Бұған дейін, Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті қалай өткенін жазғанбыз.