Ыстанбұлда мұғалімдер емдеу үшін ертегі оқиды – шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады

Стамбулда мұғалімдер емдеу үшін ертегі оқиды
Фото: ТRT

Қазақстан делегациясы Uzbekistan GTL ЖШС зауытының жұмысымен танысты – ӨзА 

Қазақстанның «KMG Petrochem» ЖШС делегациясы Uzbekistan GTL ЖШС зауытының жұмысымен танысты. Іссапар аясында делегация өзбек тарапымен синтетикалық отын өндіру саласындағы озық тәжірибе алмасу, ынтымақтастықтың болашағын зерделеу және алда жүзеге асырылуы мүмкін жобалар бойынша келіссөздер жүргізді. Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігі хабарлады. 

Қазақстан делегациясы Uzbekistan GTL ЖШС зауытының жұмысымен танысты – ӨзА 
Фото: ӨзА

Айта кетейік, Uzbekistan GTL зауыты – Өзбекстандағы ең ірі әрі заманауи синтетикалық отын өндіретін кәсіпорындардың бірі.

Қашқадария облысында орналасқан бұл кәсіпорынның жобалық құны шамамен 3,6 миллиард АҚШ долларын құрайды. Зауыт жылына 1,5 миллион тоннадан астам синтетикалық дизель отыны, авиакеросин, нафта және сұйытылған газ өндіруге қауқарлы.

Кәсіпорын Оңтүстік Африкада жасалған озық GTL (Gas-to-Liquids – газдан сұйық өнім алу) технологиясы негізінде табиғи газды қайта өңдеп, халықаралық стандарттарға толық сай келетін өнім шығарады. Сонымен қатар зауытта өндірістің тиімділігін арттыру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ресурстарды үнемдеуге айрықша көңіл бөлінеді.

Шыңжаң нарығына Орталық Азия өнімдерінің қолжетімділігін кеңейтпек – «Халық газеті»

Жақында Үрімжі кедені жариялаған 18 шарада құжатта көрсетілгендей, Солтүстік-Батыс Қытайдағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық регионы өз нарығына Орталық Азия елдерінен келетін жоғары сапалы тауарлар қолжетімділігін кеңейтеді, деп жазады «Халық газеті».

Аталған БАҚ-тың дерегінше, жаңа шараларға сәйкес, кеден органдары сондай-ақ ҚХР Бас кеден басқармасы әкелуге рұқсат берген ауыл шаруашылығы өнімдерінің тізіміне Орталық Азия елдерінің жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін көбірек енгізуді жеделдететін болады. Сондай-ақ Орталық Азиядан және көршілес елдерден жоғары сапалы азық-түлік тауарларын әкелу көздерін әртараптандыруға, олардың ассортиментін кеңейтуге жәрдемдесуге күш салынады.

Сонымен қатар одан бөлек, Үрімжі кедені Орталық Азия елдерімен инспекциялық және карантиндік қауіпсіздік саласындағы техникалық ынтымақтастық пен алмасуды нығайтады, осылайша жоғары сапалы даму мен жоғары деңгейдегі ашықтықты ілгерілетуге күшті қолдау көрсетпек.

Сондай-ақ осы аптада қытайлық «Халық газеті» қазақстандық «Sputnik» басылымына сілтеме жасап «Қазақстандық ғалымдар Қытай мамандарымен бірлесе алғашқы отандық чип жасады» деген тақырыптағы ақпарат жариялады.

«Қазақстандық ғалымдар Қытай мамандарымен бірлесе алғашқы отандық чип жасады»
Фото: Халық газеті

Келтірілген мәліметтерге сүйенсек, ҚР Астана қаласында заманауи технологияларда қолданылатын алғашқы отандық чип таныстырылды.

Хабарламада айтылуынша, бұл чипті қазақстандық ғалымдар Қытай мамандарымен бірлесе жасап шықты. Яғни, өнім – Қытай университеттерімен әріптестік шеңберінде қабылданған «Бір студент – бір чип» бағдарламасының жемісі.

Ғалым Нұрсұлтан Қабылқастың мәліметінше, чипті жасауға 6 айдай уақыт кеткен. Жобасы, дизайны сызылған. Соның жартысы, 3 айы әзірлеуге кетсе, қалған 3 айы верификацияға, функционалды тестілеуге жұмсалған.

– Жоба авторлары чип Қазақстанның жаһандық жартылай өткізгіштер индустриясына енуіне жол ашып, жоғары технологиялық салаларды дамытуға тың мүмкіндіктер беретініне сенімді, - деп түйінделеді.

Иранның ЭЫҰ-ға мүше елдермен саудасы 27,6 миллиард долларға дейін өсті – Parstoday

Иран Ислам Республикасының Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымына (ЭЫҰ) мүше елдермен сауда-саттық көлемі хижра бойынша 1403 жылы(2024 жылы) 36 миллион 235 мың тоннаға, ал валюта айналымы бойынша 27 миллиард 626 миллион долларға жетті.

ParsToday ақпарат агенттігінің IRNA-ға сілтеме жасап хабарлауынша, Иран кедені сәрсенбі күні Иранның ЭЫҰ-ға мүше елдермен 1403 жылғы жалпы саудасының 8 миллион 227 мың тоннасы 13 миллиард 543 миллион долларға импортқа, 28 миллион 8 мың тоннасы 14 миллиард 83 миллион долларға экспортқа бөлінгенін хабарлады.

parstoday.ir
Фото: parstoday.ir

Осы есеп бойынша Иранның 1403 жылы ЭЫҰ-ға мүше елдерге мұнайдан басқа экспорты салмақ жағынан 38,7 пайызға, құндық жағынан 37,5 пайызға өсті.

Айта кету керек, сондай-ақ осы кезеңде Ираннан ЭЫҰ-ға мүше елдерге мұнайдан басқа экспорттың ең үлкен көлемі Түркияға, бұл 6 миллиард 889 миллион доллар, Пәкістанға 2 миллиард 423 миллион долларға, Ауғанстанға 2 миллиард 414 миллион долларға, Әзербайжанға 681 миллион долларға, Түркіменстанға 572 миллион долларға тең тауар экспортталды.

Ыстанбұлда мұғалімдер емдеу үшін ертегі оқиды – TRT

Түркияның «Ертегі мектебі» бастамасы арқылы мұғалімдер аурухана палаталарында ертегі оқып, музыка және қиялмен жас пациенттер мен олардың отбасыларына қолдау көрсетеді.

«Стамбул ертегі мектебі» жобасы аясында мұғалімдер ауруханада ем алып жатқан балаларға ертегі айтып, «Ерте, ерте, ертеде» деп басталатын әңгімелер арқылы жас пациенттердің өмірге деген құштарлығын қайта оятуда. Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, Стамбул қалалық білім басқармасы жүзеге асырып жатқан бұл жоба ертегі шеберханаларын құруды қамтиды. Жобаның маңызды бір бөлігі ұзақ мерзімді ем қабылдап жатқан балаларға арналған. 

«Ауруханада ертегі бар» ұранымен ертегі мектебінің мұғалімдері ауруханаларға барып, «Масалхана» (Ертегі үйі) сессияларын өткізеді, онда олар жас пациенттермен байланыс орнатады. 

Айта кету керек, балалардың денсаулық жағдайына байланысты мұғалімдер ертегілерді аурухана сыныптарында немесе палатада төсек жанында айтып береді. Бұл әңгімелер балаларға болашаққа үмітпен қарауға көмектеседі. 

Сөйтіп, мұғалімдер әрі білімге, әрі емделуге қолдау көрсетеді. 

Ал ауруханада жатқан балалар мен ата-аналар бұл жобаға алғысын білдірген. 

Сондай-ақ осы аптада «TRT»-да «Түркия – әлемдегі ең мықты экологиялық таза туристік бағыттардың бірі» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрген болатын.

«Түркия – әлемдегі ең мықты экологиялық таза туристік бағыттардың бірі»
Фото: trt.global

Түркиялық басылымның мәліметінше, Ұлыбританияда шығатын «Wanderlust» журналы «Саяхаттың жасыл тізімінде» ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енген Немрут тауы мен 2025 жылға арналған Түркияның тұрақты туризмдегі көшбасшылығын атап көрсеткен. 

Әлем бойынша миллиондаған оқырманы бар «Wanderlust» журналының беделді «Саяхаттың жасыл тізімі 2025» шығарылымында Түркия әлемдегі ең экологиялық таза туристік бағыттардың бірі екені жарияланған. 

«TRT»-ның дерегінше, Ұлыбританияның ең көне және ең құрметті тәуелсіз туристік журналын туристер мен жаһандық туризм мамандары мұқият қадағалайды. «Wanderlust» - қоршаған ортаға жауапты бағыттар бойынша жетекші орган.

Журналдың Түркияға арналған мақаласында елдің тұрақты туризмдегі көшбасшылығы және ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген Немрут тауы көрнекті орын ретінде атап өтілген.

Соңғы жаңалықтар