Ыстанбұлда туристердің неден уланғаны белгілі болды

ЫСТАНБҰЛ. KAZINFORM — Түркияның Сот медицинасы институты ұсынған тергеу есебі Бёджек отбасына қатысты қайғылы оқиғаның мән-жайын анық көрсетті, деп жазды агенттіктің меншікті тілшісі. 

Ыстанбұлда туристердің неден уланғаны белгілі болды
Фото: sozcu.com.tr

Түркияның Sözcü басылымы жариялаған мәліметке сенсек, Германиядан демалысқа келіп, Стамбұлдың Фатих ауданындағы қонақүйде тұрған отбасының өліміне инсектицид ретінде қолданылатын улы газ – фосфиннің әсер етуі негізгі себеп болуы мүмкін.

Тамақтан уланбаған

Сарапшылар отбасы мүшелерінің қаны, ішкі органдары, асқазанындағы заттар, сондай-ақ олардың жеген тағамдары мен ішкен сусындарының үлгілерін мұқият зерттеген.
Барлық сынамаларда тамақтан немесе химиялық заттардан улануға тән іздер анықталмаған.
Бұл бастапқыда қарастырылған – тағамнан улану нұсқасын жоққа шығарды.

Нөмірден фосфин газы табылды

Тергеудің шешуші сәті – отель бөлмелерінен фосфин газының іздерінің табылуы болды. Бұл газ алюминий фосфиді ылғалмен әрекеттескенде бөлінеді.

Кейбір қонақүйлерде және қоймаларда мұндай препараттарды жәндіктерді улау мақсатында қолдану талапқа сай болмайтын жағдайлар кездеседі. Тергеу осыны негізгі себептердің бірі ретінде қарастырып отыр.

Отбасы мүшелерінде уланудың айқын белгілері анықталды

Ересектер – Сервет және Чигдем Бёджек – фосфинмен улануға тән белгілер көрсеткен.
Балалар — Кадир мен Масалда — газдың токсикалық әсерінің алғашқы әрі күштірек белгілері байқалған.

Тергеу жалғасады 

Өлімнің нақты себебі толық материалдар зерттелгеннен кейін анықталады. Тергеушілер бейнежазбаларды, куәгерлердің түсініктерін және науқастарды емдеген клиникалардың медициналық құжаттарын тексереді.

Сондай-ақ қонақүйде дезинсекцияның дұрыс жүргізілмеуі немесе келісімсіз жасалуы салдарынан улы газдың тұрғын бөлмелерге таралуы мүмкін бе деген мәселе де қаралып жатыр. 

Бұған дейін Стамбұл соты Германиядан келген туристердің өліміне қатысты іс бойынша ұсталған 11 адамның төртеуін қамауға алғаны хабарланған.

Жалпы, соңғы уақытта Түркияда тағамнан улану жағдайлары жиілеп отыр.

Соңғы жаңалықтар