Ыстанбұлда жаппай наразылық шарасы өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Ыстанбұлда оппозициялық «Республикалық халық партиясы» (РХП) ғимаратының алдында жаппай наразылық шаралары өтті. Неліктен азаматтар полиция қоршауын бұзып өтуге тырысып жатқанын Kazinform агенттігінің материалынан оқыңыз.

Стамбул охватили массовые акции протеста
Фото: sozcu.com.tr

Өткен аптада Ыстанбұлдың бірінші сатыдағы 45-ші соты Түркиядағы соңғы жылдардағы ең резонансты саяси оқиғалардың бірі ретінде бағаланып отырған шешім қабылдады. Бұл шешімге сәйкес, Республикалық халық партиясының Ыстанбұлдағы филиалының басшылығы – төрағасы, атқарушы және тәртіптік комитет мүшелері өз міндеттерінен уақытша шеттетілді. Олардың орнына сот елде кең таралған тәжірибе бойынша сырттан басқарушы – «кайюмды» тағайындады. Ол сот тергеуі аяқталғанға дейін толық өкілеттікке ие болады.

«Кайюм» тағайындау тәжірибесі бұған дейін де кеңінен қолданылған болатын, әсіресе күрдтік муниципалитеттер мен күрдтерді қолдаушы партия өкілдеріне қатысты. Алайда бұл – елдегі ең ірі оппозициялық партияға қарсы уақытша сырттан басқару механизмінің алғаш рет қолданылуы. Бұл жағдай тек Ыстанбұлда ғана емес, басқа да қалаларды қамтыған жаппай сын мен наразылық толқынын тудырды.

Жаппай наразылықтар мен қарсылық хэштегтері

Сот шешімі жарияланғаннан кейін бірден Ыстанбұлда стихиялы түрде билікке бағынбау акциялары басталған. Наразылық шерулерінің негізгі ұраны – «Кайюмға бұл жерде орын жоқ!» болды. Бұл ұран бірден түрік әлеуметтік желілерінде вирусты хэштегке айналған.

Ыстанбұлдағы Республикалық халық партия кеңсесінің ғимараты қатаң полиция бақылауына алынды. Әкімшілік орталықтың маңы бронетехникамен, митингілерді таратуға арналған «TOMA» су атқыш көліктерімен және құқық қорғау органдарының қызметкерлері мінген автобустармен қоршалды. Барлық кіріп-шығу жолдары жабылды.

Стамбул охватили массовые акции протеста
Фото: sozcu.com.tr

Полицияның қатаң қоршауына қарамастан, кейбір азаматтар баррикадаларды бұзып өтіп, оппозициялық партияның ғимаратына жеттті.

Қақтығыс кеше шиеленісе түсті. Бұған Республикалық халық партиясының (РХП) Жастар қанатының жақтастарын ғимарат алдына жиналуға шақыруы түрткі болды. Бұған жауап ретінде билік ауданда жедел әрекет ететін күштер мен арнайы техниканы көптеп орналастырды. Қазіргі уақытта бұл аудан іс жүзінде қоршауда қалды.

Наразылық білдірушілер: «Баррикаданы аш!», «Сен кімнің полициясысың?!», «Халықтың полициясы бол, сарайдың емес!» деген ұрандармен полицияның әрекеттеріне қарсылық танытты. Олар өз үндеулерін айқаймен, қол шапалақтап, ысқырып сүйемелдеп, РХП ғимаратына апаратын жол ашылып, қоршау алынуын талап етті.

Ерекше назар Avangart кіреберісіндегі жағдайға ауды – бұл жерде баррикадалар жартылай бұзылып, наразылық білдірушілер партия ғимаратына қарай қозғала бастады. Полиция қосымша күштер мен су шашатын техника шақырып, қауіпсіздікті күшейтуге мәжбүр болды.

Жиналудың кез келген түріне тыйым салу

Наразылықтың күшеюіне байланысты Ыстанбұл губернаторы Давут Гюль қаладағы алты орталық ауданында – Бешікташ, Бейоғлу, Еюпсұлтан, Кайытхане, Сарыйер және Шишлиде – үш күндік митинг, демонстрация, баспасөз конференциясы және кез келген басқа да бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салды. Бұл шектеу 10 қыркүйек түнгі сағат 00:00-ге дейін күшінде болады.

Тыйым бейбіт пікір білдірудің де кейбір түрлерін қамтиды. Олардың ішінде: парақша тарату, шатырлар орнату, қол жинау және плакаттар ілу сияқты әрекеттер бар. Билік өкілдері уақытша тағайындалған басқарушының жұмысына кедергі келтіруге бағытталған кез келген әрекет заңбұзушылық ретінде қарастырылып, құқықтық жауапкершілікке әкелетінін мәлімдеді.

Түркияның әділет министрі Йылмаз Тунч РХП ғимараты маңындағы оқиғалар мен әлеуметтік желілердегі «арандатушы мазмұндағы» материалдардың таралуына байланысты ресми тергеу басталғанын хабарлады.

Мәселеге Ішкі істер министрі Әли Йерликая да пікір білдіріп, оппозиция тарапынан бірден жауап реакция тудырған мәлімдеме жасады:

–2025 жылғы 2 қыркүйекте Ыстанбұлдың бірінші сатыдағы 45-азаматтық істер бойынша сотының уақытша шешімімен РХП-ның Ыстанбұл бөлімшесінің төрағасы мен басқарма мүшелері қызметтен уақытша шеттетілді, олардың орнына уақытша кеңес тағайындалды. Сот шешімдерін елемеу және халықты көшеге шығуға арандату – бұл заңды бұзу болып саналады. Ешкім заңнан жоғары емес. Мемлекет кез келген заңсыз әрекетті қатаң түрде тоқтатады, – деп атап өтті Йерликая.

РХП лидері Өзгүр Өзель Ыстанбұлдағы оппозициялық партияның аймақтық штаб-пәтерінің ғимаратына полицияның қоршау енгізуіне қатысты пікір білдіріп, «РХП-ны қорғау – Республиканы қорғау! РХП-ға шабуыл жасау – Республикаға шабуыл жасау!» деді. Кейін Өзель қайтадан азаматтарды Ыстанбұлдағы РХП ғимаратына жиналуға шақырды.

Енгізілген шектеулерге қарамастан, РХП жақтастары партия бөлімшесінің ғимаратының жанында жиналып, болып жатқан жағдайға наразылық білдірді. Әлеуметтік желілерде наразылық акцияларынан видеолар таралып, онда «Бізді таңдау құқығымыздан айырады!», «Халық еркі қайда?», «РХП – муниципалитет емес, парламенттік партия!» деген айқайлар естіледі.

Сарапшылардың пікірінше, елдің негізгі оппозициялық партияларының біріне «кайюм» тағайындау туралы шешімнің әсері зор болуы мүмкін. Бұрын негізінен күрд аймақтарында шектелген бұл тәжірибе енді саяси бәсекелестерге ұлттық деңгейде қолданылып отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл сайлау институттарына және жалпы демократиялық процестерге деген сенімді әлсіретеді.

Еске сала кетейік, Түркияда Ыстанбұл мэрінің ұсталуына қарсы наразылық кезінде 1400-ден астам адам тұтқындалған еді.

 

Соңғы жаңалықтар