Ыстанбұлдағы ауа райына байланысты ондаған рейс басқа әуежайларға бағытталды

АСТАНА. KAZINFORM — Ыстанбұлда қатты жел мен қолайсыз ауа райы екі әуежайдың жұмысына кедергі келтірді. Соның салдарынан ондаған рейс басқа әуежайларға бағытталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.

Десятки рейсов перенаправили в другие аэропорты из-за непогоды в Стамбуле
Фото: 12punto.com.tr

Түркияның Көлік және инфрақұрылым министрлігінің мәліметінше, 14 қазанда Ыстанбұл әуежайларына қона алмаған 46 ұшақ Түркиядағы және шетелдегі қосалқы әуежайларға жіберілген.

Ведомство дерегіне сәйкес, Ыстанбұл әуежайына бағыт алған 43 ұшақ басқа әуежайларға бұрылған. Атап айтқанда, 16 рейс Анкараға, 10 рейс Измирге, сегіз рейс Ыстанбұлдағы Сабиха Гөкчен әуежайына бағытталды. Тағы бірнеше ұшақ Балыкесир, Чанаккале және Анталья қалаларына жіберілді.

Түркиядан тыс жерлерде Болгарияның Бургас, Иранның Тегеран және Грекияның Афины қалалары қосалқы әуежай ретінде пайдаланылды.

Қолайсыз ауа райы Сабиха Гөкчен әуежайының жұмысына да әсер етті. Қатты жел мен жел бағытының күрт өзгеруіне байланысты ұшақтарды қондыру уақытша тоқтатылды. Ал сағат 21:42-ден бастап ұшақтардың әуеге көтерілуіне шектеу қойылды. Қона алмаған үш ұшақ Анкара әуежайына бағытталды.

Министрліктің хабарлауынша, Сабиха Гөкчен әуежайында ұшақтарды қабылдау және жөнелту жұмыстары сағат 22:02-де қайта жанданды.

Бұған дейін Ыстанбұлда нөсер жауын салдарынан көшелер мен тұрғын үйлерді су басып, жасөспірім қаза тапқанын, мектептердегі сабақтар тоқтатылғанын жазған едік.

Соңғы деректерге сәйкес Ыстанбұлдағы су тасқынынан қаза тапқандар саны төрт адамға жеткені хабарланды.