Ыстанбұлдағы Айя-София мешітінің астынан ғасырлар бойы жасырын жатқан туннельдер табылды

АСТАНА. KAZINFORM – Түркияның Ыстанбұл қаласындағы тарихи Айя-София мешітін қалпына келтіру кезінде мамандар ғимарат астынан ғасырлар бойы жасырын жатқан жерасты туннельдерін анықтады. Бүгінге дейін олардың шамамен 420 метрі тазартылды, деп хабарлайды Anadolu.

Anadolu
Фото: Kazinform

Тарихи ғимараттың астынан алты жерасты бөлмесі мен тоғыз туннель табылған. Зерттеушілердің болжамынша, олардың кейбірі Рим дәуіріне тиесілі болуы мүмкін.

Мамандар бұл туннельдер ежелгі қаланы сумен қамтамасыз ету жүйесінің бір бөлігі болған деп есептейді.

Әсіресе әйгілі Базилика цистернасы деп аталатын жерасты су қоймасына қарай бағытталған өткел зерттеушілердің қызығушылығын тудырған.

Аталған туннельде әлі күнге дейін су ағып жатыр. Алайда оның нақты қайдан келіп жатқаны әзірге белгісіз.

– Су жерасты көздерінен немесе ежелгі акведуктер жүйесі арқылы келуі мүмкін, – деді профессор Ахмет Гүлеч.

Қалпына келтіру және зерттеу жұмыстары шамамен екі жылдан бері жалғасып келеді.

Осы уақыт ішінде мамандар жерасты өткелдерінен үш мың тоннаға жуық топырақ пен құрылыс қалдықтарын шығарған. Зерттелген туннельдердің ең ұзыны 200 метрден асады.

Болашақта тарихи жерасты өткелдерін туристерге ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Алайда бұл жөнінде түпкілікті шешім қабылданған жоқ.

Алдымен мамандар туннельдердің қауіпсіздігін тексеріп, олардың құрылымдарын нығайтуы қажет.

Айта кетейік, бұған дейін Ыстанбұлдағы Айя-София мешітінің бас күмбезі алты ғасырдан кейін алғаш рет қалпына келтірілетіні хабарланған еді.