Ыстанбұлдағы келіссөздің екінші раундында ресейлік делегацияның құрамы өзгеріссіз қалады
АСТАНА. KAZINFORM – 2 маусымда Ыстанбұлда Украина мен Ресей делегациялары кездесуінің келесі раунды өтуі мүмкін екені Түркия мен Ресей сыртқы саясат ведомстволары басшыларының телефон арқылы сөйлесуінен кейін белгілі болды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Ресей барлық аспектілер бойынша өз ұстанымын көрсететін меморандум әзірлеп, оны Ыстанбұлда Украина тарапына беруге дайын. Ресей президентінің көмекшісі В.Мединский бастаған ресейлік делегация бұл меморандумды Украина делегациясына ұсынуға және келесі дүйсенбіде Ыстанбұлда қайта жалғасатын тікелей келіссөздің екінші раунды барысында қажетті түсініктемелерді беруге дайын.
Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова «60 минут» бағдарламасының эфирінде Ыстанбұлдағы келіссөздің екінші раундында ресейлік делегацияның құрамы өзгермейтінін мәлімдеді.
Өз кезегінде Украина қорғаныс министрі Рүстем Умеров әлеуметтік желідегі парақшасында ресейлік тарапқа Украинаның ұстанымын көрсететін қақтығысты реттеу туралы меморандум жобасын тапсырғанын хабарлады.
АҚШ президентінің арнайы өкілі Кит Келлог телеарналардың біріне берген сұхбатында АҚШ, Германия, Франция және Ұлыбритания өкілдері 2 маусымда, яғни Ресей мен Украина делегацияларының ықтимал кездесуі күні Ыстанбұлда болатынын мәлімдеді.
Бұған дейін Ыстанбұлда Ресей мен Украина делегацияларының екі сағатқа созылған кездесуі аяқталғанын жазған болатынбыз.